Президенттің сөзінше, рухани құндылықтарсыз тек экономикалық өсім жеткіліксіз, ал мәдениет пен білім – жеке адам мен қоғам санасын қалыптастыратын негізгі тірек.
Ұлттық бірегейлік пен қоғамдық тұрақтылық нығая түскен сайын, ел дамуының берік негізі де қаланады. Осы орайда ауданымызда да білім, мәдениет, тәрбие және ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Сонымен қатар, V Ұлттық құрылтайда аудан әкімдіктерінің қаржылық дербестігін кеңейту мәселесі де көтерілді. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов шалғай ауылдардағы мектептердің жылу жүйесін жөндеу сияқты мәселелерді шұғыл шешуде аудан әкімдіктерінің бюджеттен қаражат бөле алмайтынын атап өтті. Бұл бағытта ұсынылған шешім — білім саласын қаржыландыруды облыстық бюджеттен аудандық бюджетке қайта беру. Бұл Индер ауданы үшін де маңызды, себебі мектептер мен әлеуметтік нысандардың сапалы жұмысы ауданның дамуына тікелей әсер етеді.
Сондай-ақ, құрылтайда ауылдық жерлердегі медицина мамандары тапшылығы және «Дипломмен ауылға» бағдарламасын тиімді үйлестіру мәселелері талқыланды. Аудан деңгейінде бұл тәжірибені енгізу тұрғындарға қолжетімді қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімдігі ретінде біз Президенттің және Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстарды қолдап, білім мен денсаулық сақтау саласында нақты істерді жүзеге асыруға басымдық береміз. Бұл – Индер ауданының әлеуметтік-рухани дамуына қосылатын маңызды қадам.
Индер ауданы әкімі
Нсанбаев Серік Бағытжанұлы

