ҚҰРЫЛТАЙ - ЕЛДІКТІҢ ЖАҢА БИІГІ

Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында айтқан ойлары еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айқын көрсетеді. Құрылтайдың жұмысын бастауы – саяси жүйені жаңғырту, заң үстемдігін нығайту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру бағытындағы маңызды тарихи қадам.

Құрылтайға берілген кең өкілеттік оның ел өміріндегі рөлін арттыра түседі. Депутаттардың халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоюы – басты талап. Заң шығару сапасын жақсарту, Үкімет жұмысына бақылауды күшейту, маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қатысу арқылы Құрылтай билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға ықпал етеді.

Президент атап өткендей, Қазақстан реформалар жолынан кері шегінбейді. Экономиканы жаңғырту, индустрияландыруды дамыту, жаңа өндірістер ашу, инвестиция тарту және коммуналдық, көлік, энергетика мен су инфрақұрылымын жаңарту – елдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар.

Сонымен қатар ғылымға, білімге, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге басымдық беру – болашаққа жасалған инвестиция. Әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және креативті индустрияны дамыту арқылы азаматтардың әлеуетін арттыру да назардан тыс қалмауы тиіс.

Меніңше, бұл өзгерістердің ең басты тірегі – халықтың бірлігі, еңбекқорлық, тәртіп және жауапкершілік. Әсіресе жастарға білім мен еңбектің қадірін түсіндіру маңызды. Құрылтайдың жұмысы нақты нәтижеге бағытталып, әрбір шешім халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етсе, елдің болашағы да берік болады. Қазақстанның жаңару жолындағы бұл кезең – баршамызға ортақ жауапкершілік пен үлкен мүмкіндіктер кезеңі.

Жолдасқали Өмірбаев,

Индер ауданының құрметті азаматы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT