Конститутциялық өзгерістер және қоғам жауапкершілігі

Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырыстары – жай ғана құқықтық талқылау емес, бұл қоғамның өз болашағын қайта пайымдау кезеңі деп санаймын. Конституция – билікке ғана емес, ең алдымен қарапайым азаматтың күнделікті өміріне әсер ететін негізгі құжат. Сондықтан оның тағдыры тек тар мамандар арасында емес, бүкіл қоғам назарында қаралуы заңды.


Аудандық мәслихат депутаты ретінде де, кәсіпкер әйел ретінде де, аналар кеңесінің мүшесі ретінде де мен үшін бір нәрсе маңызды: қабылданатын шешімдер әділетті, түсінікті және өмірмен үндес болуы тиіс. Бүгінгі комиссия жұмысының ашық форматта өтуі осы талаптарға жауап береді. Себебі ашықтық – сенімнің, ал сенім – тұрақты дамудың басты шарты.
Әйелдер мен аналар үшін Конституциядағы әрбір норма – балалардың ертеңгі болашағына қатысты. Құқықтық тұрақтылық, әлеуметтік әділдік, заң алдындағы теңдік – бұлар қағаз жүзіндегі ұран емес, нақты өмірлік қажеттіліктер. Сондықтан қоғам өкілдерінің, соның ішінде әйелдердің, азаматтық сектордың пікірінің естілуі өте маңызды.
Комиссия құрамының әртүрлі болуы – осы үдерістің басты артықшылығы. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың бар екенін көрсетеді. Осындай жауапты сәтте асығыстыққа емес, ойлы шешімге, жабықтыққа емес, жария талқылауға басымдық берілуі қажет.
Мен бұл процесті елдің құқықтық мәдениетін нығайтатын, азаматтардың саналы қатысуын арттыратын маңызды қадам деп бағалаймын. Ең бастысы – қоғам бұл өзгерістердің сыртында қалмай, оның мәнін түсініп, өз болашағына жауапкершілікпен қараса, реформаның шынайы нәтижесі де сол болмақ.

Сабырғалиева Ақжібек Керімбайқызы

“AMANAT” партиясы Индер аудандық филиалының атқарушы хатшысы,

Индер аудандық мәслихат депутаты, Аналар кеңесінің мүшесі,

кәсіпкер.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT