Құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты талдау және алты айға созылған ашық қоғамдық талқылаулар нәтижесінде әзірленді. Реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында көтерілген бір палаталы Парламент құру бастамасына негізделген.
2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссияның құрамына 130 адам кіріп, қоғамның барлық әлеуметтік топтары мен өңірлері қамтылды. Комиссия Конституцияның барлық бөлімдеріне қатысты түзетулерді қарап, жалпы мәтіннің 84%-ын жаңартуды ұсынды. Нәтижесінде Қазақстанның жаңа Ата Заңын әзірлеу тұжырымдамасы қалыптасты.
Жаңа Конституцияның басты өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі. Преамбулада әділеттілік, заң мен тәртіп, ұлттық бірлік, зайырлылық, егемендік пен аумақтық тұтастық негізгі құндылықтар ретінде бекітілді. Білім, ғылым, мәдениет, инновация және цифрландыру мемлекеттің болашақ дамуының басты басымдықтары ретінде айқындалды, азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау алғаш рет конституциялық деңгейде енгізілді.
Негізгі жаңашылдықтар қатарында 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайды құру, Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру, вице-президент институтын енгізу, адвокатура мен зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды күшейту, кінәсіздік презумпциясы мен «Миранда ережесін» бекіту бар.
Жаңа Конституция жобасы бойынша ұсыныстар e-Otinish және eGov порталдары арқылы қабылдануда. Түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады, ал Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.
Ақжібек Сабырғалиева
"Amanat" партиясы аудандық филиалының
атқарушы хатшысы



