СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫНА, АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСТИТУТТАРҒА ДЕГЕН СЕНІМІНЕ ЖӘНЕ ҚОҒАМДАҒЫ ӘДІЛДІК ҚАҒИДАТТАРЫНА КЕРІ ӘСЕР ЕТЕТІН КҮРДЕЛІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰБЫЛЫС.
Сондықтан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек құқық бұзушылықтарды анықтау және жауапкершілікке тартумен шектелмеуі тиіс. Оның маңызды бағыты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті дегеніміз – пара беру мен пара алуды, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануды, тамыр- таныстықты, мүдделер қақтығысын және өзге де сыбайлас жемқорлық көріністерін қалыпты жағдай ретінде қабылдамау, заң талаптарын сақтау және адалдық қағидаттарын ұстану.
Бұл мәдениетті қалыптастыру ең алдымен адамның күнделікті ұстанымынан басталады. Әр азамат «мәселені ақша немесе таныс арқылы шешу» қалыпты тәжірибе емес екенін түсінуі қажет. Қоғамда заңсыз әрекетке көз жұма қарау немесе «бәрі осылай жасайды» деген түсінік қалыптасқан жағдайда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына жағдай жасалады. Сондықтан азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, олардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты азаматтық ұстанымын қалыптастыру маңызды.
Мемлекеттік органдардың бұл бағыттағы жауапкершілігі ерекше.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтің тиімділіг мен сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай- ақ қызметтік әдеп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптардың сақталуына ықпал ету бағытында жұмыс жүргізеді.
Осы міндеттердің ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытының орны айрықша. Өйткені, мемлекеттік аппараттың беделі тек қабылданған шешімдермен емес, азаматтың мемлекеттік қызметшімен күнделікті қарым-қатынасынан да қалыптасады. Азамат өз мәселесімен мемлекеттік органға жүгінген кезде, ең алдымен әділдік пен объективтілікті күтеді. Сондықтан, өтінішті уақытында қарау, заң талаптарын түсіндіру, азаматқа құрметпен қарау, қызметтік өкілеттілікті жеке мүддеге пайдаланбау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің күнделікті көрінісі.
Департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасымен 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, адалдық қағидаттарын ілгерілету, мүдделер қақтығысының және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелеріне арналған медиа жарықтандыру бойынша, облысымызда ауылдық округтерде, бизнес қоғамдастығы мен комплаенс қызметтерінің өкілдері, жастар, мемлекеттік органдар және бюджетттік ұйымдардың қатысуымен, 11 мыңға жуық адам қамтылған, 200-дей іс- шаралар ұйымдастырылды.
Өткізілген іс-шаралар барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғаммен тиімді кері байланысты нығайту мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Азаматтарға өз құқықтарын қорғау жолдарын, мемлекеттік қызметтерді заңды түрде алу тәртібін, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау мүмкіндіктерін және мүдделер қақтығысы туындаған кездегі іс-қимыл тәртібін түсіндіру мақсатында ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары аясында, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, облыстық телеарналарда сұхбаттар мен сюжеттер эфирге шығарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – бір реттік акция немесе науқан емес, ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмыс. Оның нәтижесі тек өткізілген іс-шаралардың санымен емес, азаматтардың көзқарасы мен мінез- құлқындағы нақты өзгерістермен бағалануы тиіс.
Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жетілдіруде үш негізгі бағытқа басымдық берген жөн: біріншіден, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру; екіншіден, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету; үшіншіден, әрбір адамның заң талаптарын сақтауға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейжай қарамауға деген жеке жауапкершілігін қалыптастыру.
Бұл ретте, азаматтармен кері байланыс – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды тетігі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық әрі тұрақты диалогтың маңызы зор. Азаматтардың пікірі, ұсынысы мен бастамасы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дер кезінде анықтап, оның алдын алуға мүмкіндік беретін маңызды құрал.
Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы азаматтармен кері байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Басқармаға тұрғындар мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты өз пікірлерін, ұсыныстарын, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бастамаларын жолдай алады.
Азаматтардың ұсыныстары мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және қоғамда заңдылық пен әділдік қағидаттарын нығайту бағыттарында ескеріледі.
Сондай-ақ, тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қоғамдық бастамалары мен жобалары құпталады. Әрбір ұсыныс – қоғамдағы мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешудің тиімді жолдарын бірлесіп іздеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде заңдылық, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс. Қызметтік өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдалануға жол бермеу, азаматтардың өтініштерін объективті әрі сапалы қарау, шешім қабылдау кезінде бейтараптықты сақтау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің нақты көрінісі.
Егер, азаматтарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты ұсыныстары, бастамалары немесе мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру бойынша пікірлері болса, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасына көрсетілген мекен-жай бойынша: Атырау қаласы, Сұлтан Бейбарыс даңғылы, 419, 8-7122-52-28-62, 8-7122-52- 28-06 байланыс телефондарына хабарласуға болады.
Азаматтардың белсенді ұстанымы мен мемлекеттік органдардың ашық диалогы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолдарының бірі – оның алдын алуға бағытталған қоғамдық сананы қалыптастыру. Әр азамат заңды құрметтеп, әділдік пен адалдықты өзінің күнделікті өміріндегі негізгі қағидаға айналдырған кезде ғана сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті берік орнығады.
Адал қоғам құру – тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Сыбайлас жемқорлыққа «жоқ» деп айту – заң талабы ғана емес, қоғамның болашағына деген жауапты көзқарастың көрінісі.
К.ЕРМЕКОВА,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің
сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы



