Алдағы 15 наурызда өткізілетін Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум – бұл саяси оқиға ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғамның жетілуіне арналған сын шақ.
Жалпы Конституция – бұл құқықтық жүйенің негізі, жоғары заң күші бар құжат және оның мәтініндегі кез келген өзгеріс қоғамның кең қолдауын және түсінуін талап етеді. Ұсынылып отырған бірқатар түзетулер мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге, билік органдарының мәртебесі туралы жекелеген ережелерді нақтылауға және конституциялық бақылау тетіктерін жетілдіруге қатысты. Бұл ретте адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының Конституцияның II бөлімінде бекітілген, адам құқықтары мен бостандықтарын тану және оларға кепілдік беру туралы 12-баптың ережелерін қоса алғанда, негізгі кепілдіктерінің сақталуы маңызды болмақ. Референдумға түзетулер енгізу болашақтағы шешімдердің заңдылығын күшейтеді. Бұл мемлекеттік құрылымның стратегиялық мәселелерін халық тікелей шешетін демократиялық тәжірибеге сәйкес келеді. Сонымен қатар, азаматтарға саналы түрде таңдау жасау үшін ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұнын түсіндіру мақсатында құрылған саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басын қосқан арнайы коалиция қатарында жүріп ауданда орналасқан өндірістік мекемелер, білім беру ұйымдарында мәдениет ошақтарында жұмысшылармен кездесіп, талқылау үстіндеміз. Бір байқағаным, жұртшылық жаңа конституция жобасына қолдау білдіруде. Түптеп келгенде референдум қорытындысы қоғамдық консенсустың көрінісі болады және қоғамның алдағы институционалдық реформаларға қаншалықты дайын екенін көрсетеді.
Нұржан БИСЕМБАЕВ,
аудандық коалиция мүшесі



