Қазіргі қоғамда әйелдердің құқықтарын қорғау - маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі болып саналып жатыр. Әйел - отбасының тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі, сонымен қатар қоғамның белсенді мүшесі. Сондықтан әйелдердің құқықтарын сақтау - мемлекеттің дамуының басты көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Әйелдердің құқықтары дегеніміз - олардың ер адамдармен тең дәрежеде білім алуына, еңбек етуіне, өз ойын еркін білдіруіне және қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік береді. Бұл құқықтар Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты көрсетілген. Атап айтқанда, Конституцияның 14-бабында барлық азаматтардың заң алдында тең екендігі, ешкімнің жынысына қарай кемсітілмеуі тиіс екені жазылған.
Президент Қасым Жомарт Тоқаев 2024 жылы 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа заңға қол қойды. Бұл заң аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейтілді. Бұрын әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралған кейбір әрекеттер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Сонымен қатар, жәбірленушілерді қорғау күштері кеңейтіліп, қорғау нұсқамаларын беру тәртібі жеңілдетілді.
Дегенмен, өкінішке қарай, қазіргі таңда әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар әлі де кездесіп жатыр. Мысалы, Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, жыл сайын мыңдаған әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады. 2025 - 2026 жылдары бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, әлеуметтік желілерде көптеген нақты оқиғалар жарияланып жатыр. Солардың бірі қоғамда резонанс тудырған отбасылық зорлық-зомбылық фактілері, бұл жағдай халықтың назарын аударып, заңнаманы күшейту қажеттігін көрсетті.
Сондай-ақ, елімізде әйелдерді қорғауға бағытталған дағдарыс орталықтары мен сенім телефондары жұмыс істейді. Мысалы, «111»ұлттық сенім телефоны арқылы әйелдер мен балалар кез келген уақытта көмек сұрай алады. Соңғы жылдары мұндай орталықтардың саны артып, олардың қызметі жетілдіріліп келеді. Бұл - мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдаудың бір көрінісі.
Әйел құқықтарын қорғау тек мемлекетке ғана емес, бүкіл қоғамға байланысты. Әрбір адам әйелге құрметпен қарап, оның құқығын бұзбауға міндетті. Өкінішке қарай, кейбір отбасыларда әлі күнге дейін ескі көзқарастар сақталған. Мұндай түсініктерді өзгерту үшін білім беру, тәрбие және қоғамдық сана маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда әйелдер саясатта, бизнесте, ғылымда және басқа да салаларда, белсенділік танытып келеді. Қазақстанда әйелдер парламентте, мемлекеттік қызметте және ірі компанияларда жетекші қызметтер атқарып жүр. Бұл - гендерлік теңдіктің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Қорытындылап айтсам, әйел құқықтары - әділетті қоғамның негізі. Әйелдердің құқықтары сақталған жерде даму, тұрақтылық және өркендеу болады. Сондықтан әрбіріміз бұл мәселеге бейжай қарамай, заң мен тәртіпті сақтауға өз үлесімізді қосуымыз керек. Қоғам болып бірігіп әрекет еткенде ғана біз қауіпсіз әрі тең құқықты орта қалыптастыра аламыз.
Жанылсын Серикова,
Х. Досмұхамедов университетінің 1-курс студенті



