Маскүнемдікті емдеу үшін кешенді көзқарас керек. Оған психологиялық қолдау, әлеуметтік ортадағы өзгерістер, ұзақмерзімді емдеу бағдарламалары және қайтадан ішімдікке салынуды болдырмау стратегиялары кіреді. Сонымен қатар маскүнемдікке шалдыққан адамдарға қолдау көрсету үшін отбасы мен жақындарының рөлі де өте маңызды.
Қазақстан тұрғындары ішімдікке құмар. Еліміз алкогольді тұтыну жағынан әлемде 10-орында екен. Ал жынысқа бөліп қарасақ, ерлер 11-ші, әйелдер 19-орында тұр. Қазақстанстандық ер адамдардың алкогольге тәуелділік деңгейі – 9,52 пайыз, әйелдерде 1,48 пайыз екен.
Ерлер арасында алкоголь ішу бойынша алғашқы үштікке Ресей, Венгрия және Литва мемлекеттері, әйелдер арасында Австралия, Ресей және Колумбия елдері кіреді. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда алкоголь өнімдері сегментінде арақ өндірісі бірден 60,3 пайызға, 5,7 млн литрге дейін өскен. Денсаулық сақтау министрлігі орта есеппен ер адам жылына 25 литр, әйел адамдар 9 литр ішімдік ішеді деп мәлімдегені де есімізде.
– Өкінішке қарай, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. Көп жағдайда халықтың жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату және т.б. сияқты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары болып отыр, – деп мәлімдеген болатын Денсаулық сақтау министрлігі.

