Ішімдікке әуестік – денсаулыққа ғана емес, отбасы тыныштығы мен қоғамның тұрақтылығына да кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі. Кейбір адамдар оны күйзелістен арылудың немесе демалудың бір жолы деп қабылдайды. Алайда уақыт өте келе бұл әдет тәуелділікке ұласып, адамның денсаулығына, мінез-құлқына және әлеуметтік өміріне ауыр зардап әкелуі мүмкін.
Ішімдікті шамадан тыс тұтыну жүрек-қан тамырлары, бауыр және жүйке жүйесі ауруларының қаупін арттырады. Сонымен қатар адамның ойлау қабілетіне, есте сақтауына және еңбек өнімділігіне кері әсер етеді. Мас күйінде жасалатын жол-көлік оқиғалары, тұрмыстық жанжалдар мен құқық бұзушылықтар да көбіне алкогольдің салдарынан орын алады.
Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Ал ішімдікке тәуелділік сол тіректің шайқалуына себеп болуы мүмкін. Отбасындағы түсініспеушілік, балалар тәрбиесіне немқұрайлы қарау, материалдық қиындықтар – мұның бәрі алкогольге тәуелділіктің салдары ретінде көрініс табады. Әсіресе жас ұрпақтың көзінше орын алатын мұндай жағдайлар олардың психологиялық дамуына кері ықпал етеді.
Бұл мәселемен күресу тек медицина немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес. Ең алдымен әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын таңдауы қажет. Ата-ананың өнегесі, мектептегі тәрбие, қоғамдағы дұрыс көзқарас – зиянды әдеттердің алдын алудың ең тиімді жолдары.
М.Умирзахова
жас маман



