ҚҰРДЫМҒА ЖІБЕРЕТІН «ҚҰРЫҚ»

ҚАЗАҚ «ДӘНІККЕННЕН ҚҰНЫҚҚАН ЖАМАН» ДЕП,  ҚАНАҒАТСЫЗ, ТОЙЫМСЫЗ БОЛУДАН АУЛАҚ БОЛУҒА ШАҚЫРАДЫ. ДЕСЕ ДЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ҚАРҚЫНЫ АРТҚАН САЙЫН ОҢАЙ ЖОЛМЕН АҚША ТАБУДЫ ҮЙРЕТЕТІНДЕР МЕН ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫНЫҢ ҚАҚПАНЫНА ТҮСІП, ЖЕР СИПАП ҚАЛҒАНДАР САНЫ КҮН САНАП АРТЫП КЕЛЕДІ. БҰЛ ДЕРТКЕ ӘСІРЕСЕ ЖАРНАМАҒА АРБАЛҒАН ЖАСТАР МЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ АРБАЛАТЫНЫ – АЛАҢДАТАРЛЫҚ ЖАЙТ. 

Қаржылық пирамида бұл тез және оңай ақша табуды үйретіп, басқа адамдардың жарналары есебінен баю жолымен жүзеге асатын ұйым. Әдетте олар  көбінесе өздерін инвестициялық кәсіпорын ретінде көрсетеді. Мысалы, акциялар мен облигацияларды сатып алуды ұсынады, жоғары өнімді құрылысқа, алтын өндіруге немесе ультра тиімді өндіріске инвестиция салуға уәде береді. Олар: интернет компаниясы, инновациялық жоба, криптавалюталар, тұрғын үй кооперативтері, алтын, әлеуметтік желілер. Цифрлық құзыреттілік белең алып, еңбектеген баладан еңкейге кәріге дейін ұялы телефон қолданатын қазіргі уақытта құмар ойындардың жарнамасы кез келген он лайн плат формада қолжетімді. Оның салдары елімізде лудомания дертінің кеңінен қанат жаюына әкеліп отыр.  Жарнамасы жер жарып, заңдық тұрғыда ешқандай тосқауыл бол маған соң оңай жолмен ақша тапқысы келетін елдегі ересектер ғана емес, балалар да құмар ойынға тәуел ділердің қатарын жыл сайын толықтырып келеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, құмар ойындар ішінде бірінші орында тұрған – букмекерлік кеңселер, одан кейін ойын автоматтары, үшінші орында бейне ойындар үшінші болса, төртінші орында – казино және бесінші орында   карта ойындары екен. Ал аталған ойындардың жарнамасына назар аудармау мүмкін емес. Күнделікті өмірде көз алдымызда жарқ-жұрқ етіп қызыл да жасыл түстерге боялған ғаламтор әлемінде қай сайтты, қай әлеуметтік желіні ашып  қалсаң да, құмар ойындардың жарнамасы шыға келеді. Тіпті ұлттық арналарымызда да «1хBET», «Olimpbet» секілді букмекерлік компаниялардың жарнамалары желдей еседі. Тіпті қала берді әлеуметтік желідегі блогер саналатын адамдардың өзі осындай букмекерлік ойындарға «бәс тігу арқылы мол ақшаға кенелесіз» деп жарнама жасайды.  Ал осы тұста жасөспірім, мектеп оқушысы қызығып, аяғын шалыс баспасына кім кепіл?! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына парапар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай,күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», - деді. Осылайша Президент жастар арасында белең алған жаман әдет лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтіп,  ойын бизнесі саласындағы қаржылық және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет екеніне назар аударды.Бұдан басқа жеке тұлғаның өзі құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуын шектеу туралы өтініш беруден бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 27-бабының 1-тармағында көзделген, құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі заттарына әуестігімен өз отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға душар еткен азаматтың әрекет қабілеттілігін сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен шектеуі мүмкін. Сонымен қатар 15-1-баптың 1-тармағына сай жиырма бір жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы осы тізімге енгізу туралы өтініш беру арқылы өз-өзін шектей алады. 15-1-баптың 2-тармағына сәйкес жақын туыстары, отбасы мүшелері азаматтың әрекет қабілеттілігін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде уәкілетті органға Мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы Комитетіне осындай адамды құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысудан шектелген адамдардың тізіміне енгізу туралы өтініш жасауға құқылы. Заман ағымына сай қаржы пирамидалары да түрленіп, соңғы кездері криптовалюта, биткоинның әсерінен көптеген қаржы ұйымы пайда болған. Олардың ұқсас тұсы бір адам бастаушы болады да, қалғаны артынан ере береді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мә ліметінше, қаржы пирамидасының түрі көп. Атап айтар болсақ, мессенджерлердегі чаттар, яғни WhatsApp, Telegram арқылы таратып, қызметтерін ұсынатындар. Екін ші – желілік маркетинг. Оның ішінде түрлі бі лім курсы бар, тіпті зергерлік бұйымдар ды да сатады. Осындай жолмен қаржы лық пирамидасын ашады. Үшіншісі – ин вестициялық жобалар және төртіншісі тұтыну кооперативтері. Сарапшылардың айтуынша, қаржы пирамидаларын бірден ажырату қиын. Олар желілік маркетинг, қор биржалары түрінде де жұ мыс істей береді. Яғни қаржы, инвестиция нарығында пайда болған трендтердің ешқайсысын құр жібермейді. Осы ретте соңғы кезде қолымыздағы смартфонда да түрлі жарнамадан көз сүрінеді. Дегенмен жарнаманың барлығы бірдей сапалы деп айтуға келмейді. Сорақысы сол, жарнаманың жетегіне еріп, түрлі ойындарға қосылып, қолында қаржысы болмаса да «енді ойнасам жеңемін» деп сан соғып қалатындар көп. «Менің атым Қожадағы» Сұлтан сияқты «ақшаны төбеңнен жаңбырша жауғызамын» дегенге сенетіндей, неге сонша аңғал болдық дерсің?! Сөзімізді қорытсақ, «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дегенді қате түсініп,  жай ғана қызығушылықтан басталған лудомания дертінің арты қылмыс, күйзеліс, адамның несие қақпанына түсуі, соңы суицидке келіп тірелуі ғажап емес. Ал буыны әлі бекімеген, оң-солын ажырата алмайтын жасөспірімнің ойын бизнесінің жарнамасына алданып қалмауы үшін қоғамда орын алып жатқан мәселеге бәріміз назар аударып, өзіңіз бен жақындарыңызды қаржы пирамидасы туралы ақпараттандырып, алданбау үшін қаржылай сауатты болған дұрыс.

 

Ж.Нариманқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT