Интернет-алаяқтық – заманның жаңа қаупі

Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың өмірін жеңілдеткенімен, интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың да көбеюіне жол ашты. Бүгінде алаяқтар түрлі айламен азаматтардың жеке деректерін иемденіп, банк карталарындағы қаражатты жымқыру немесе жалған қызметтер ұсыну арқылы заңсыз пайда табуға тырысуда.

Көп жағдайда интернет-алаяқтар өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе байланыс операторы ретінде таныстырады. Олар телефон арқылы немесе әлеуметтік желілерде хабарласып, құпия кодтарды, банк картасының мәліметтерін немесе SMS арқылы келген растау нөмірлерін сұрайды. Кейде жалған интернет-дүкендер мен инвестициялық жобалар арқылы азаматтарды арзан бағаға немесе жоғары табысқа қызықтырып, қаржысынан айырады.

Осындай қылмыстардың құрбаны болмау үшін әрбір адам қырағылық танытуы қажет. Банк картасының деректерін, құпия сөздер мен бір реттік растау кодтарын ешкімге бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу және тек ресми сайттар мен сенімді сауда алаңдарын пайдалану маңызды.

Интернеттегі қауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Егер күмәнді қоңырау немесе хабарлама алсаңыз, асығыс шешім қабылдамай, ақпараттың дұрыстығын ресми арналар арқылы тексерген жөн. Ал алаяқтыққа тап болған жағдайда уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына және банкке хабарлау қажет.

Цифрлық дәуірде сақтық – ең сенімді қорғаныс. Интернетті қауіпсіз пайдалану арқылы өз қаржыңызды да, жеке мәліметтеріңізді де қорғауға болады.

 

Ж.Изимова

қоғам белсендісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT