Алаяқтық атаулының алуан түрін меңгергендер айылын жиятын күн байқалмайды.
Халықты судағы балықтай көрген табанының бүрі жоқ алаяқтар енді интернет арқылы қарапайым жұртшылықтың қалтасын қағып, соқыр тиынына дейін алып кетуден қымсынар емес. Жеңіл жол арқылы табысқа кенелгісі келетіндердің жасаған қылмысы төрт жыл бедерінде он есеге дейін артқаны ойландырмай қоймайды.
Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, 2017 жылы республика бойынша интернат-алаяқтық жолдары арқылы тіркелген қылмыс түрлері 2 мыңмен шектелсе, өткен жылы бұл сан 20 мыңнан асып кеткен екен. Содан да болса керек, интернет арқылы елдің ақшасын иемденіп кетуге ниетті алаяқтармен күрес жұмыстары күрт күшейген.
«ІІМ жедел қабылдаған іс-қимыл шараларының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда биыл интернет алаяқтық 18 пайызға төмендеген. Оның ішінде 1,5 мыңнан астам қылмыс жедел уәкілдердің жанкешті еңбегінің арқасында ізі суымай ашылды. Осы жылдың мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Полиция департаментінің жедел тергеу тобының қызметкерлері астаналық тұрғынның есепшотынан 137 млн теңге қаржы ұрлаған 7 адамнан тұратын қылмыстық топты әшкереледі. Тексеру барысында бұл топтың құрамында Қазақстан мен шетел азаматтарының бар екені анықталған.
Дендер Ақпарат



