Қоғамда алаяқтық фактісінің белең алуына тұрғындардың аңғалдығы себеп болып отыр. Құқық қорғау өкілдері жұртшылықты сан мәрте ескертсе де, әккілердің арбауына түсіп қалатындар азаймай отыр.
Танымайтын адамға қашықтан ақша жіберуге болмайды. Онлайн дүкеннен тауар сатып алмас бұрын парақшаны толық зерттеп, пікірлерге мән берген дұрыс. Сатып алғалы тұрған тауарды видеоқоңырау арқылы қарап, барына көз жеткізу керек. Тек сенімді болғанда ғана қаражат аударуға болады. Алаяқтардың арбауына түскен уақытта бірден полицияға хабарласу керек. Бұл әрекет алданудан қорғайды.
алаяқтар заманауи технологиялар мен цифрлық платформаларды пайдалану арқылы алдаудың түрлі күрделі тәсілін қолдануда. Сондықтан әрбір желі қолданушысы алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Бұл қатерден әр адам өз-өзін қорғай алады.
Алаяқтықтың кең тараған бес тәсілі:
- Банк қызметкері ретінде хабарласу. Яғни, алаяқтар өздерін банк маманы ретінде таныстырып, күмәнді транзакцияларға сілтеме жасап, жеке деректерді сұрайды.
- Онлайн-сатып алудағы алдау. Бұл ретте жалған тауар жарнамасын жариялап, алдын ала төлем алған соң, хабарсыз кетеді.
- Фишинг сайттары. Бұл кезде ресми сайттарға ұқсайтын жалған ресурстар арқылы қолданушылардың логин, құпиясөзін иемденеді.
- Инвестициялық алаяқтық. Мұндайда қолайлы инвестициялық мүмкіндік ретінде ұсынылған алаяқтық платформалар салым салдыртып, қаражатты шешуге келгенде жоқ болады.
- Мессенджерлерді бұзу. Яғни, парақшаларды бұзып, таныс адамыңыздың атынан ақша сұрап, хабарлама жібереді.
Гүлбану Насиполла



