Елімізде есірткі шегіп, есіргендерге жаза жеңілдемек. Енді аз мөлшерде қолданатын және сақтайтындар қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонда ақшасын аямай «ақ ажалды» сатып алатындар мен у саудалап ұртын майлайтындар қолға түссе, айыппұлмен құтыла ма? Бұл ауру түрімен ауыратындарды азайтудың орнына, керісінше героин, марихуана құлдарын қаптатпай ма?
Биыл тек екі айда Ішкі істер органдары 378 есірткі қылмысын анықтады. 7 есірткі зертханасын жойылды, 420 келіден астам есірткі, оның ішінде 196 келі гашиш, 213 келі марихуана және 6 келіден астам синтетика тәркіленді. Сонымен қатар былтырдан бастап «пиралерон» (жылдамдық), мефедрон (меф) және синтетикалық каннабиноидтердің (спайс) заңсыз айналымымен айналысқандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін бір грамның өзі жеткілікті. Ал бұрын «синтетика зертханашыларын» жазаға тарту үшін «ақ ажалдың» салмағы 50 грамнан кем болмауға тиіс еді. Елімізде есірткі бизнесімен қанша күрес жүргізілсе де, нашақорлардың саны көбеймесе, азаяр емес.
Жанаргүл Изимова



