Елімізде ермек үшін есірткі шегіп, намыстан аттап нашақорлыққа салынғандар туралы аз айтылып жатқан жоқ. Жаһанданумен бірге ілесе келген жағымсыз әдеттің бірі – осы. Есірткінің заңсыз айналымы азаймай тұр. Өлім саудалаған өлермендердің жолын құқық қорғау органдары кесудей-ақ кесіп келе жатқанымен, тәркіленген есірткі көлемі жылдан-жылға артып бара жатқан сыңайлы. Мәселен, осы жылдың өзінде тәртіп сақшылары 83 килоға жуық синтетикалық есірткі тәркілеп отыр.
Адалынан ас ішіп, айла асырмай пайда көргенге не жетсін?! Жалпақ жұрт солай ойлағанымен, у саудалап ұртын майлағысы келетін пысықтар мен пасықтардың саны азаймай тұр. «Өтіріктің – құйрығы бір-ақ тұтам» болған соң «көп асқанға бір тосқан» қайтсе де болады. Ол үшін барлық жүкті тәртіп сақшысының ғана иығына артып қоймай, ұлт болып ұйысуымыз, жұрт болып жұмылуымыз қажет...



