Экологияны сақтау – ел болашағын сақтау

Қазіргі заманда экология мәселесі бүкіл әлем үшін ең өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Табиғаттың тазалығы мен тұрақтылығы мемлекеттің дамуы мен халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан экологияны қорғау  әрбір азаматтың ортақ міндеті деп ойлаймын.

Таза су, таза ауа және құнарлы топырақ - болашақ ұрпақтың ең басты байлығы. Егер біз бүгін табиғатты ластап, оны қорғауға мән бермесек, ертең оның салдары өзімізге ауыр болуы мүмкін. Мысалы, кейбір өндірісі дамыған қалаларда ауаның қатты ластануы салдарынан балалар арасында тыныс алу аурулары жиілеп отыр. Бұл - экология мен денсаулықтың тығыз байланысты екенін көрсетеді.

Сонымен қатар жаһандық деңгейде ауаның ластануы мен климаттың өзгеруі үлкен қауіп төндіріп отыр. Кейбір аймақтарда су ресурстарының азаюы да алаңдатарлық жағдай. Бұл мәселелер тек бір елдің емес, бүкіл адамзаттың ортақ проблемасына айналды.

Экологияға ең көп әсер ететін өндіріс орындарының қатарында мұнай өңдеу зауыттары, металлургия кәсіпорындары, көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары және химия зауыттары бар. Мұнай өңдеу кезінде ауаға зиянды газдар бөлінсе, металлургия саласы түтін мен ауыр металдардың таралуына себеп болады. Ал көмір жағатын электр станциялары атмосфераға көмірқышқыл газын көп мөлшерде шығарады. Химия зауыттарынан шығатын улы қалдықтар дұрыс тазартылмаса, су мен топырақты ластайды. Дегенмен, бұл кәсіпорындар ел экономикасы үшін маңызды болғандықтан, олардың зиянын азайту үшін заманауи сүзгі жүйелерін орнатып, экологиялық талаптарды күшейту қажет.

Осындай қиындықтардың алдын алу үшін «жасыл» технологияларды дамыту өте маңызды. Өндіріс орындарында экологиялық таза әдістерді қолдану, күн мен жел энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану қажет. Бұдан бөлек, орман алқаптарын көбейтіп, ағаш егу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу - табиғатты сақтаудың тиімді жолдарының бірі.

Қорытындылай келе, экологияны қорғау - тек бүгінгі күннің емес, ертеңгі ұрпақтың тағдыры. Табиғатты аялау арқылы ғана біз елдің жарқын болашағын қамтамасыз ете аламыз.

Жанылсын Серикова, 

Х. Досмұхамедов университетінің 1-курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT