Президенттің Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жөніндегі тапсырмасы – уақыт талабынан туындаған өте маңызды әрі орынды шешім. Қазіргі таңда білім беру сапасын арттыру тікелей қаржыландырудың тиімділігіне, ашықтығына және әділ бөлінуіне байланысты.
Бұл реформа білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдауға және білім алушылар үшін тең мүмкіндіктер жасауға жол ашады. Сонымен қатар, қаржыландыру жүйесінің жаңартылуы білім беру ресурстарын мақсатты әрі нәтижелі пайдалануға мүмкіндік береді.
Осы бастама іске асқан жағдайда, білім беру саласында жүйелі өзгерістер болып, оқыту сапасы мен педагог мәртебесінің артуына оң әсерін тигізеді деп сенемін.
Мемлекет басшысының Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу туралы бастамасы – ұлттық рухани мұраны әлемдік деңгейде танытуға бағытталған аса маңызды әрі құптарлық қадам. Абайдың «Қара сөздері» – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ терең философиялық, моральдық және гуманистік ой-толғамдарға толы баға жетпес мұра.
Бұл еңбекте адамгершілік, білім, еңбек, әділет, жауапкершілік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар кеңінен қамтылған. Сондықтан оны ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде мойындату – қазақ мәдениетінің әлемдік өркениеттегі орнын айқындай түседі.
Аталған бастама жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыруға, рухани тәрбиені күшейтуге және Абай мұрасын жүйелі түрде зерттеп, насихаттауға үлкен серпін береді. Бұл – рухани жаңғырудың нақты көрінісі деп бағалауға болады.
Ноғайбаева Гүлфара Шанықұлқызы
Атырау облысы Индер ауданы Махамбет атындағы орта мектеп директоры



