Бір басу-бір өмірлік өкініш

Интернеттің дамуы күнделікті өмірді жеңілдеткенімен, алаяқтардың да әрекетін күшейтті. Бүгінде олар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі, жеткізу қызметінің маманы немесе интернет-дүкен сатушысы ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректері мен ақшасын алдап иемденуге тырысады.

Алаяқтар телефон қоңырауы, WhatsApp, Telegram, әлеуметтік желілер немесе жалған сайттар арқылы байланысқа шығып, банк картасының нөмірін, SMS-кодты, жеке сәйкестендіру нөмірін немесе мобильді банк қосымшасына кіру деректерін сұрайды. Кейде арзан бағадағы тауарды ұсынып, алдын ала төлем талап етеді немесе күмәнді сілтемеге өтуді сұрайды.

Есте сақтаңыз: банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия кодты, картаның толық деректерін немесе бір реттік SMS-кодты сұрамайды. Мұндай ақпаратты үшінші тұлғаларға беру – өз қаражатыңызды қауіпке тігу деген сөз.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, белгісіз адамдарға жеке мәліметтеріңізді бермеңіз, тексерілмеген интернет-дүкендерге алдын ала ақша аудармаңыз және барлық қаржылық операцияларды мұқият тексеріңіз.

Егер алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді әрекетке тап болсаңыз, уақыт жоғалтпай банкке хабарласып, картаңызды бұғаттаңыз және құқық қорғау органдарына жүгініңіз.

Цифрлық қауіпсіздік – әр адамның жеке жауапкершілігі. Бір сәттік аңғалдық үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан сақтық танытып, интернет алаяқтарының құрбанына айналмаңыз.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT