Бала үшін қауіпсіз орта дегеніміз – оның өзін еркін сезініп, ойын ашық айтып, білім алып, қатарластарымен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын ортасы. Мұндай жағдайды қалыптастыруда отбасы мен мектептің, сондай-ақ бүкіл қоғамның жауапкершілігі жоғары.
Буллинг – баланың ар-намысына тиетін сөздерден, кемсіту мен әдейі шеттетуден көрінуі мүмкін. Кейде мұндай әрекеттерді балалар арасындағы қарапайым әзіл деп қабылдап, мән бермей жатамыз. Алайда әр баланың сезімі әртүрлі. Біреуге әзіл болып көрінген сөз екінші балаға ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан қарым-қатынаста өзгенің көңіл-күйі мен жеке шекарасын құрметтеуді үйрету маңызды.
Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге ата-ана мен ұстаздар да назар аударғаны жөн. Бала тұйықталып, бұрынғыдай араласпай немесе мектепке баруға құлықсыздық танытса, оны жазғырып немесе бірден кінәламай, сабырмен сөйлесіп, себебін түсінуге тырысқан дұрыс.
Буллингтің алдын алу тек жәбір көрген баланы қорғаумен шектелмейді. Балаларға бір-бірін сыйлау, өзгешелікті қабылдау, қиын жағдайға тап болған сыныптасына қолдау көрсету мәдениетін қалыптастыру қажет. Ал мәселе туындаған жағдайда оны жасырып қалмай, сенімді ересек адамға айту – әлсіздік емес, дұрыс шешім.
Әр бала мектепке қорқынышпен емес, жақсы көңіл-күймен баруға тиіс. Баланың қауіпсіздігі мен психологиялық жайлылығы – кез келген жетістіктен маңызды. Сондықтан балалар арасында өзара құрмет пен түсіністік қалыптастыруға бәріміз атсалысайық.
Гүлбану Насиполла



