Ауданда "Бала қауіпсіздігі – қоғам жауапкершілігі' тақырыбында өткен форумда бала қауіпсіздігі мәселесі кеңінен талқыланды. Шара барысында Отбасын қолдау орталығының психологі Жусупова Гүлжайна Жусупқызы спикер ретінде сөз сөйлеп, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру бағытында маңызды ойларымен бөлісті.
Форумға аудандық прокуратура, полиция, білім беру, денсаулық сақтау және ішкі саясат салаларының өкілдері қатысып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады.
Жиын барысында бала қауіпсіздігі – тек бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді. Заң талаптарын сақтау, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу және отбасыларға психологиялық қолдау көрсету – негізгі басым бағыттар ретінде айқындалды.
Осындай ашық диалог алаңдары қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырып, әр баланың қауіпсіз әрі бақытты ортада өсуіне мүмкіндік береді.
Дендер Ақпарат

