Мен ауыл тұрғыны ретінде Президенттің Жолдауында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінгенін қолдаймын. Әсіресе ауыл медицинасына қатысты мәселелер өте өзекті. Қазіргі таңда көптеген ауылдарда дәрігерлер жетіспейді, ал бар мамандарға жүктеме көп. Бұл халықтың уақытылы әрі сапалы ем алуына кедергі келтіреді.
Ауырған адам аудан орталығына немесе қалаға баруға мәжбүр болады. Бұл жол шығыны мен уақытты көбейтеді, кейде науқастың жағдайын қиындатып жібереді. Сондықтан әр ауылдық емханада білікті дәрігерлер мен заманауи құрал-жабдықтар болуы қажет деп ойлаймын.
Жолдауда айтылғандай, ауылға жас мамандарды тарту үшін оларға үй, көтермеақы, жақсы жалақы және әлеуметтік қолдау көрсету керек. Сонда ғана жастар ауылда тұрақтап жұмыс істейді. Сонымен қатар телемедицина мен цифрлық технологияларды енгізу дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға қолайлы болады.
Қорытындылай келе, ауыл дәрігерін көбейту – ауыл халқының денсаулығын жақсартудың басты шарты. Денсаулығы мықты халық қана елдің дамуына үлес қоса алады.
Ж. Изимова
Ауыл тұрғыны



