Ақшаңызды алаяқтарға беріп қоймаңыз

Соңғы уақытта азаматтарды түрлі жолдармен алдап, ақша табуды көздейтін алаяқтық әрекеттер кең таралған. Қылмыскерлер адамның сеніміне кіріп, оның қаржысын иемдену үшін әртүрлі тәсілдерді қолданады.

Кей жағдайда алаяқтар телефон арқылы хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Олар шотта күдікті операция жасалғанын айтып, мәселені «шешу» үшін белгілі бір әрекет жасауды талап етеді. Асығыс әрекет еткен адам өзінің банк деректерін айтып немесе өзге шотқа ақша аударып қоюы мүмкін.

Тағы бір кең таралған тәсіл – жалған инвестиция немесе оңай табыс ұсыну. Интернеттегі жарнамаларда қысқа уақытта көп ақша табуға мүмкіндік бар екені айтылып, азаматтардан бастапқы қаражат салу сұралады. Мұндай ұсыныстарға сақтықпен қараған жөн.

Кез келген күмәнді жағдайда әңгімені тоқтатып, ақпаратты ресми арналар арқылы қайта тексеру қажет. Бейтаныс адамның сөзіне сеніп, ақша аударуға немесе жеке деректерді беруге асықпаған дұрыс.

Есте сақтаңыз: ақша мен жеке деректердің қауіпсіздігі ең алдымен өзіңізге байланысты. Күмәнді ұсынысқа сенбеңіз, тексеріңіз және асығыс шешім қабылдамаңыз.

Тілектес Қибатолла

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT