2011 ЖЫЛЫ «МЕДИАЦИЯ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАБЫЛДАНҒАН БОЛАТЫН. ОЛ СОТТАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖЕҢІЛДЕТІП, ТҮРЛІ ДАУ- ДАМАЙЛАРДЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДЕ ШЕШІЛУІНЕ СЕПТІГІН ТИГІЗЕТІН. АЛАЙДА БҰЛ ЗАҢНЫҢ БҮГІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ. ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӨЗІНІҢ ЖОЛДАУЫНДА ОСЫ БІТІМГЕРШІЛІК МӘСЕЛЕСІНЕ АРНАЙЫ ТОҚТАЛЫП, ЗАҢНЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙТІНІН СЫНҒА АЛҒАН БОЛАТЫН. ОЛ ӨЗ СӨЗІНДЕ: «ОН ЖЫЛДАЙ УАҚЫТ БҰРЫН БІЗ «МЕДИАЦИЯ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАБЫЛДАДЫҚ. БІРАҚ ҚАЗІРГІ КЕЗГЕ ДЕЙІН БІРДЕ-БІР МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАН ОНЫҢ ДАМУЫ МӘСЕЛЕСІМЕН АЙНАЛЫСҚАН ЕМЕС. АЙҚЫН МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ БАЙҚАЛМАЙДЫ. БҰЛ ЖАҒДАЙДЫ РЕТТЕП, ҚАТЕЛІКТІ ЖӨНДЕУ КЕРЕК» ДЕГЕН ЕДІ.
Шындығында, медиация туралы құзырлы органдар тарапынан насихаттың аз болуы себепті, халықтың медиаторлар туралы білетіндері аз. Білген күннің өзінде елдің сеніміне кіре қойған жоқ. Көпшілік әлі де болсанасихаттың, түсінік жұмыстарының аздығынан медиациядан гөрі соттарға жүгінгенді жөн көреді. Оның үстіне барлық мәселе заң қабылдаумен шешіле қоймайды. Сотта істер айлап созылады, мемлекеттік баж төленуі, оныменқоса іске заңгерлер араласатын болса, оның өкілге төлеген ақысын өтеуі, сот одан соң егер сот орындаушыға түссе, сот орындаушының қызметіне төленуі барлығы адамды шаршатып жібереді. Дүниежүзінің 166 елінде қолданылатын медиацияның түрлері семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы дамыта алмаймыз . Кабинеттік шеңберден шығуымыз керек. Өйткені ол жерлерде қаузалған мәселелер айтылған күйінде қалып қояды. Әрі кеткенде плакат ілумен шектелеміз. Қаланы қоспағанда, аудан, ауылдардағы мәселе тіпті күрделі. Сондықтан медиацияның жүгін бірлесе көтереміз десек, алдымен елдің ішіне барып, ондағы халыққа татуластырудың тиімді тәсіл екенін жете түсіндіруіміз қажет. Біздегі кейбір болмашы даулар Жоғарғы сотқа дейін жетеді. Осыны болдырмас үшін жергілікті жерлерде медиацияны дамыту қажет. Туыстар арасындағы, жұмыс беруші мен қызметкер, банк пен борышкер арасындағы коммуналдық қарызға қатысты істердің бейбіт жолмен шешілуіне медиаторлар үлкен ықпал ете алады. Алайда олардың қызметіне жүгінетіндердің қарасы көп емес. Сондықтан жергілікті әкімдіктерде ақпараттандыру жұмыстары кеңінен жүргізілуі қажет. Ал, маман даярлау мәселесіне келер болсақ, облыста бұл салаға қызығушылар саны жылдан жылға артып келеді. Оларды ынталандыру үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлінсе артықты қ етпес еді.
Ал, әкімдіктің бұл бағыттағы жұмысы тек медиаторлар тізімін жүргізумен ғана шектелген демеске лажымыз жоқ. Егер әкімшіліктерге «мен медиатор болғым келеді» деп ешкім бармаса, олар бұл шаруаны жылы жауып қоя салуы да мүмкін. Себебі, бұл оның міндетіне кірмейді. Содан болар, әкімдер медиатор болатын адамды тауып, оны даярлауға, насихаттауға мүдделі емес. Олар үшін Президент Жарлығымен бекітілген «Медиация туралы» заң тек соттарға ғана тиесілі сияқты болып көрінеді. Әйтпесе, ауылында медиатордың болғаны ауыл, аудан әкімдеріне тиімді емес пе?! Бұл ретте кәсіпқой емес медиаторлардың алатын орны ерекше. Себебі ауылдық жерлерде медиация институтын дамытуға мүмкіндік беретін бірден-бір тұлға – солар. Сондықтан әкімдер тізіммен шектелмей, дау туған жағдайда тараптарды медиация жолымен бітістіру мүмкіндігін халыққа барынша насихаттаған дұрыс. Себебі, көп дауды ауылдан шығармай-ақ шешуге болады. Бұл өз кезегінде ең алдымен болмашы даудан ағайын арасының күрделенуіне, сонымен бірге соттардың жұмысын жеңілдетуге сеп болар еді. Қазір әр ауылда ақсақалдар алқасы секілді ұйымдар жеткілікті. Оны ауылдың жөн сілтер ағасы басқарады. Дау-шарды биге бармай тұрып, бірінші қадірлі азаматтарға жүгініп шешу – бұрыннан бар дәстүр. Өйткені олар белгілі бір ортада, тұрғылықты халық арасында кұрметке бөленген, беделі бар кісілер. Сондықтан ауылдағы дайын медиаторлардың толыққанды жұмыс істеуіне жол ашуымыз қажет.Бірақ ақсақалдар арасынан да ол туралы шырылдап жүргені аз.
Сондықтан медиация туралы насихат жұмыстарын құзырлы орган тарапынан өздерінің күн тәртібіне енгізгені жөн болар деп есептеймін.
Гүлфара ЕГІЗБАЕВА,
заңгер, кәсіби медиатор

