2026 жылғы жаңа Конституция жобасы бойынша адам құқықтары мен бостандықтарының басты қағидалары 14-бапта бекітілген. Бұл бапта:
адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі екені;
олар абсолютті және ажырамас құндылық ретінде танылатыны;
заңдар мен басқа нормативтік актілердің мазмұны осы құқықтарға сай анықталуы тиіс екені айтылған.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының преамбуласында да адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланған, яғни бүкіл құжаттың мазмұны адамға бағытталғаны көрсетіледі.
Менің пікірімше, 14-баптың мазмұны өте маңызды және заманауи сипатқа ие. Біріншіден, адам құқықтарының «тумысынан» және «ажырамас» деп танылуы – халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес келеді. Бұл мемлекет адам құқықтарын беруші емес, қорғаушы екенін білдіреді.
Екіншіден, бұл бапта барлық азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтардың толық көлеміне ие екені және заң алдында тең екені көрсетіледі.
Яғни, құқықтардың теңдігі қағидаты күшейтілген. Бұл демократиялық қоғам үшін өте маңызды принцип.
Үшіншіден, жаңа жобада адам құқықтарын қорғау тек жалпы декларация ретінде емес, нақты кепілдіктермен байланыстырылған. Мысалы, тұрғын үйге қолсұғылмаушылық, жеке меншік құқығы сияқты әлеуметтік-құқықтық нормалар да нақтыланып, қорғау тетіктері күшейтілетіні айтылған.
Нұрзада Ескалиева



