Атырауда еріктілер саны мың адамға жетті

Бүгін, 5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні. 1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді жыл сайын атап өтуді ұсынды. Содан бері әлемнің әр елдерінде еріктілер күні әрқалай аталып келеді.

Осы атаулы күн қарсаңында Атыраудағы еріктілер қозғалысының сипатын айқындауға тырыстық. Шала туған шараналарға арналған киімдер, күшіктер мен мысықтар және есепте жоқ еріктілер. Бүгінгі таңда Атырау облысында еріктілер тобынан құралған 23 қоғамдық ұйым тіркелген. Ондағы еріктілердің жалпы саны мың адамға жетіп жығылады. Бұл ұйымдар негізінен қайырымдылық бағытындағы – әлеуметтік әлсіз топ өкілдеріне қолдау көрсету, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдесу, мұқтаж жандарға қаржы жинау – жұмыстарымен айналысады.

- Дейтұрғанмен, олардың арасында «28 петель» секілді шала туған сәбилерге арнап киім тігетін еріктілер тобы, «Право на жизнь», «Доброе сердце Атырау» секілді қараусыз қалған жан-жануарларға көмек ұйымдары, «Иман жастары», «AsUmit» секілді мекемелер жанынан құрылған ерікті жастар топтары да бар. Бірақ, ешқандай ұйымдарға, қорларға қосылмай, өз бастамаларымен еріктілер қызметін атқарып жүрген жастарды да естен шығармағанымыз жөн, – дейді, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы директоры Әйгерім Досқалиева.

Мүше болуың – міндет емес, ерікті болуың – ерлік. Бұл орайда, Әйгерім Досқалиеваның өзі ерікті болып бастағанын тілге тиек етсек, артық емес. Осыдан жеті жылдай бұрын құрылған "Жүректен жүрекке" еріктілер тобы бүгінгі күнге дейін көптеген қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, атыраулықтарға кеңінен танылып үлгерді. Миллиондаған қаржы жинап, жүздеген адамға жәрдемдесіп келе жатқан бұл топты Атырау еріктілер ұйымдарының басында тұр деуге болады. Бұдан бөлек, ілгеріде атап өткеніміздей ешқандай ұйымға не топқа мүше болмай-ақ, еріктілер сапынан табылып жүрген жастар да жетерлік. Мысалы, 11 жыл бойы "Атырау жедел жәрдем" станциясына көмек қолын созып келе жатқан Арман Қасымовты бүгінде бүкіл ел біледі. Немесе, облыс оратылығында велосипедшілер мүддесін қорғап, осы бағытта бірнеше велошеру өткізген Нұрлан Есмұханов.

erikyiler

Атырауда еріктілер саны артады. Келер 2020 жыл елімізде "Еріктілер жылы" болып белгіленді. Осы орайда, "Студенттік бастама" жалпыреспубликалық волонтерлік қозғалысы бастау алған болатын. Аталған жоба аясында өңірімізден 50 үйлестіруші-волонтер медицина, экология, іс-шара, жануарларға көмек, спорт, төтенше жағдайлар қызметі бағыттарындағы еріктілер жұмысы бойынша арнайы курстан өтті. Өз кезегінде, аталған еріктінің әрқайсысы облыс орталығы мен аудандардан 30 жасты осы бағытқа баулу арқылы өңірде 1500 адамнан құралған еріктілер жасағын құруды жоспарлап отыр.

- Жоба аясында еріктілер ұйымын, оның ішінде, волонтерлік қызметті қолдауға арналған, олардың өзара тиімді коммуникациясын қалыптастыру мақсатында телеграмм-бот жасақталуда. Осылайша, ерікті болғысы келетін кез-келген жас аталған жүйе арқылы онлайн кеңес ала алады, - дейді, Атырау облыстық Жастар саясаты басқармасының жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің басшысы Диана Теміртасова.

P.S. Егер сіз ерікті атанғыңыз келсе, www.qazvolunteer.kz сайты арқылы өзіңізді волонтер ретінде тіркеуіңізге болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521