Уатылып қалған сүйекті саусағымен құрастырған

«Ел іші-өнер кеніші». Бұл атам қазақтың жер бітіп су аққалы айтып келе жатқан нақылы. Емшілік те өнер. Ол жекелеген кейбір адамдарда жасынан қалыптасқан құпиялы қасиет.

Сынықшылық (сынық салу) ерекше адамдардың бойына дарыған сыры белгісіз құпия табиғи құдіреттілік. Олардың бойындағы биологиялық қуат (код) науқасқа (әсіресе, бір жері сынған не шыққан адамға) тылсымдық жолмен әсер етеді. Кейбір сынықшы бытырап қалған сүйекті алақанымен бір сипағанда жүйелеп жіберетін болған. Екінші бір емші (сынықшы) жіліншігі уатылып қалған адамға «тұр кәне, тұр жылдам» деп, қолындағы асасымен ұратындай айбат көрсеткенде жіліншігі сынып жатқан адам орнынан тұрып жүріп кеткен. Ойыма тағы бір болған оқиға оралды. Ұзақ жыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының басы кенеттен бір жағына бұрылған күйінде сіресіп қалған.

Билік органдары араласып, Кеңес Одағының астанасы Мәскеудегі білікті дәрігерлерге, профессорларға қаратқан, клиникаларда емдеткен. Одан ешбір нәтиже болмай, өмірден түңіліп елге оралған. Ағайындары қазақтың халық елшісіне қаралуға ақыл-кеңес берген. Өмірінде бақсы, балгерді ұнатпаса да шыбын жаны үшін баруға келісімін береді. Емші алыста, құм арасындағы бір елді мекенде тұрады екен. Шоқша сақалды емші: -Сендер бақсы, балгер мен сынықшыға сенбеуші едіңдер ғой, неге келдіңіз?-деп сұрақты төтесінен қойыпты. -Жаным үшін, бүйтіп қисық мойын болып жүргенше не өлейін, не түзелейін дегенім ғой,-депті хатшы түңіліп. Емші жан-жағы бір метрден, тереңдігі адамның бойымен бірдей, мойыны мен басы сәл шығып тұратын құдық қаздырып, күн батуға екіндіге таялғанда хатшыны шұңқырға түсіріп, ішінен құран мақамымен бірдемелерді күмбірлеп «бүйтіп қисық мойын болып жүргенше, өлгенің артық»-деп сала құлаш ақ қылышты қынабынан суырып, құлаштап сілтеп қалғанда, хатшы қорыққаннан жалт бұрылыпты. Мойыны мен басы бұрынғы қалпына келіпті.

Орайы келіп тұрғанда тағы бір сынықшыны айта кетейін. Индер аудандық Есбол ауылында атақты сынықшы Жұмабековтер әулеті. Ысқақ деген баласының жасы маған жеделдес. Бір сөздің ретінде айтқан әңгімесі ойыма оралды. Қырымда қурортта демалып жатқанда бір орыс жігітімен бөлмелес болыпты. Оқыстан бір аяғын сындырып алған екен. Қара балшығы бар түрлі ем жасағанмен дене қызуы үнемі көтеріліп, аяғының ауырғаны басылмапты. Курорттық хирургтер де өздерінше ем-дом жасап, сыртына алибастр құйып, қатырып тастапты. Ауру жанына батқан жігіт демалушылар арасында сынықшылар бар ма деп іздестіргенде бір жерлес Ысқақ деген сынықшы бар екенін айтыпты. Науқастың туысқандары оған емдеңіз деп өтінеді.

Ысқақ: -Дәрігерлер рұқсат етпейді, жасырын емдей алмаймын,-дейді. Туыстары курорт басшыларымен сөйлесіп рұқсат алады. - Мен оңаша бөлмеде дәрігерлерге көрсетпей жасаймын, - деп келіседі. Рентгенге түсірілген пенканы қараса, жіліншік сүйегі өз орнына емес, бірінің үстінде бірі шоғырланып қалған екен. Оңаша бөлмеге тегіс үстел үстіне жатқызып, шоғырланып тұрған сүйектің үстін қолының қырымен құлаштап бір салыпты. Сарнап жатқан жігіт атып тұрып жүре беріпті. Ысқақ жан-жағына байырқап қараса, екі қабатты сәулетті мекенжай екен. Ортасы ашық, жоғарыдан бәрі көрінеді. Хирургтер таңғалып қарап тұр екен. Аяғы қалыпқа келген жігіт қуанғаннан астындағы қара "Волгасын» беріпті. алмапты, түрлі сыйлық, ақша ұсынған екен. Сол кезде: -«Мен кәсіби сынықшы емеспін. Алланың берген бір қасиеті ғой",-депті. Амалы таусылған жігіт Ысқақтың қасындағы демалушыларды бөлмесіне шақырып қонақтапты. Сынықшылық (сынықты, буынның шыққанын салу) – Алланың кейбір адамдардың бойына берген ерекше тылсым да құдіретті қасиеті. Адамзат үшін мұндай сынықшылар әрдайым керек-ақ.

Кеңес САХИ,

ауданның Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521