Мұрат біреу, сурет нешеу?

Мұрат Мөңкеұлының бейнесін біз өңіріміздің тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, атақты суретші жерлесіміз Мұхит Қалимовтың (жоғарыдағы сурет) қылқаламынан шыққан батыр тұрпатты, кесек бітімді портреті арқылы білеміз. Суретшінің бұл туындысы Мұрат ақынның 150 жылдық мерейтойына орай өткен байқауда 1 орын алды.

Мұраттың әр жылдарда әзірленген жинақтарында осы портретімен жарияланып, портрет ғылыми айналымға берік енген болатын. Алайда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі Мұрат Мөңкеұлына арналған бұрышта халықтың көзі үйренген бұл суреті емес, басқасы орын алыпты. Оған біз индерлік ардагерлермен бірге музейді аралап жүргенімізде куә болдық. Музейдегі ақын портреті ол да ауданымыздан шыққан атақты суретшіміз Әділқайыр Жантасовтың туындысы. Бұл туынды ақын бейнесіне ұйымдастырылған конкурста екінші орын алған болатын.

mke

Айта кетейік, ол туындының түпнұсқасы Атыраудағы көрмеде тұрған жерінен Еуропа елдерінің Қазақстандағы елшілерінің бірі аттай қалап сатып алыпты. «Ия біздің көзімізге үйренген Мұрат ақынның бейнесі бұл емес еді ғой», деп өз пікірлерін білдіріп жатты индерлік ардагерлер. Өкінішке орай, ақын суреті туралы экскурсовод оны бізге түсіндіріп бере алмады. Керісінше сол арада аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Өтеп Нұриев бәрін жүйелеп айтып берді. Әрі Өтеп Қасибаұлы кезінде Мұрат ақынның 150 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі аудандық ұйымдастыру комитетінің төрағасы болғандықтан да портрет тарихын жақсы білетінін айта кетейік.

Әйгілі Мұраттанушы - ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы бұл туралы «Үш портреттің үйлесімі» мақаласында толықтай баяндайды. Музейдегі Мұрат Мөңкеұлына арналған бұрышта аталған суретпен қатар шағын ғана өмірбаяны мен жинағының алғашқы нұсқасы ғана орын алған екен. Ақынның қысқаша жазылған өмірбаянның да мазмұны ашылмапты. Азаттық жаршысы болғаннан гөрі айтыскерлігіне ғана тоқталған. Әрі келтірген мәліметтері де жұтаң, әріп қателері де баршылық.

Мысалы, өмірбаянының соңын «Мұрат Мөңкеұлы 1906 жылы 63 жасында Жайық бойындағы Өрлік поселкесінде қайтыс болған» деп аяқтайды. Ақынның Мәмбетте ағайындарына барып келе жатқанда Өрлікте ақыр демі үзілгені рас. Бірақ өзінің аманаты бойынша «Тіріде іргеміз бірге болып еді, өлгенде моламыз қатар тұрсын» деп, өзінің досы Шолақ бидің жанына жерленген. Бұл Жайықтың Бұқар бетіндегі қазіргі Жарсуат ауылы маңы екендігі, оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында индерліктер зәулім кесене тұрғызғаны жөнінде мәліметтер, өкінішке орай көрінбейді. Сол арада музей экскурсоводы орын алған кемшілік түзетілетініне уәдесін беріп жатты. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, жас ұрпаққа ақиқат мәліметтің жеткенін қалаймыз.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521