Мұғалім мәртебесі өзіне байланысты

Мұғалім қандай болса, шәкірті өскенде сондай болатынын өмір дәлелдеген. Жақсы ұстаз тек қана мектептің абыройы емес, елдің абыройы. Ол бар жерде білім де, мәдениет те өркендейді.

Мен малшы баласы болғандықтан 1955-56-57 және 1957- 58-59 оқу жылдарында Зеленый мен Елтай орта мектептерінде жатақханада жатып оқыдым. Қалам ағай Есқалиев ғылым жаңалықтарын айтып, ұйқыдағы санамызды оятатын, Жүсіп (Юсуп) ағай Кенжин сабақ кезінде өне бойы бір орнында отырмай, қозғалып жүріп, парталар арасымен әр оқушының бет-жүзіне барлай қарап түсіндіретін. Тілі жатық, сөзі ұғынықты. Кімнің тыңдап, тыңдамай отырғанын біліп, қасына келіп, иығына қолын тигізіп оқушыны селт еткізетін. Ағай берген химия пәнін қызыға оқитынбыз. Мүнира апай Тұрғалиевалар сабақ бергенде сыныпта тыныштық сақталатыны сондай ұшқан шыбынның ызыңы естілетін. Дұрыс тыңдаған оқушы үйде кітапты оқымай-ақ келесі күні айтып беріп жақсы баға алатын. Бізге Бекет ағай Бақтығалиевтың мінезі ұнайтын. Сабақты оқымай келген оқушыға жер-жебіріне жетіп ұрыспайтын.

-Әй, балалар, оқушылар, бұл оқу маған емес, сендерге керек. Сендер білсең де, білмесең де менің жалақым жүріп жатыр,-дейтін. Зерделі жас сәл ой жүгіртіп зерделесе осы сөзінің ақыл екенін сөзсіз түсінеді.

Жетінші, сегізінші сыныпта Жолғали ағай Жұмағалиев географиядан, Ғайни апай Ғабдуллина қазақ әдебиетінен дәріс берді. Сөйлеу мәнерлері ғажап. Үндері құлаққа жағымды. Партаға шегелеп, қойғандай қимылсыз, үн-түнсіз тыңдайтынбыз. Сөздері күнделікті біз айтып жүргендей өте қарапайым емес, тілі шұрайлы әрі көркем. Қазір кәсіби журналист ретінде мақалаларымда, очерктерімде әдемі, сырлы сөздер болса, Ғайни апайдың тәлімінен алғаным деп білемін. 1956-1957 оқу жылдары ой-өрісім кеңейіп, өзімді есейгендей сезінетінмін.

1957-1959 жылдары екі жыл Елтай селосындағы пансионатта жатып оқыдым. Неге екенін білмеймін, сол кезде жастар білім алуға ынтазар еді. Өтеп Қасибаұлы, Халиолла Мақтанов, Жәрдем Біләлов, Қанзиба Баетова, Ажар Ғұмарова мен жарыса оқитынбыз. Үнемі үлгерімі жақсы оқушылар санатында болдық. Мәтжанов Қабдол ағай, мектеп директоры, Бақыт Еңсепов, Қайреден Шамшиденов ағайлардың сөзі, жүріс-тұрысы, мәдениетті киім киісі бізді қызықтыратын.

Қайреден ағай сабақты отырып айтып түсіндіретін. Әсіресе, шығармадағы кейіпкердің образын айтқанда ой төгілтеді. Арналы өзеннің ағысы сияқты. Орыс әдебиетінен Роза Абишевна Мырзағалиева апай сабақ берді. Үні қоңыр, жұмсақ. Сабағын оқымаған оқушыға дауыс көтеріп ұрысқанын көргенім де, естігенім де жоқ. Оның сабағын оқып келуге тырысатынбыз. Бірақ ауылда өскен, сол уақытқа дейін бір ауыз сөзін естімеген бізге орысша сөйлем құрау, білгенімізді айту қиын-ды. Дыбыстап екпінді (ударениені) келтіру былай тұрсын, әр сөз бен сөзді байланыстыратын жалғаулықты (окончаниені) келтіре алмайтынбыз. Сонда Роза апай екі сөздің байланысы үйлеспесе қайталап айтқызып түсіндіретін еді. Апайдың дикциясы мен интонациясына қарап, үтір мен ноқаттың қай жерде қойылатынын шамалайтынбыз.

Мемлекеттік университеттің журналистика факультетінде диктант жаздырғанда қате жібермейтінмін. Сырттай оқып, колхоздың қара қойы мен жер жыртқан тракторының ала топалаң шаңында үш-төрт жыл жұмыс жасағанда бұрынғы білген «шолақ» орысшамның бәрі ұмытылды.

Меніңше, мұғалімнің абыройы, беделі әр оқушының зердесінің қаншалықты өмірге бейімділігін білуінде. Күнделікті өтетін тақырыпты өрден аққан судай судыратып айтып шықса, оқушының құлағы естігенмен, зердесі оның мәнін жете түсінбеуі мүмкін. Сынып аудиториясында самсап отырғандардың бәрінің әртүрлі зердесіне сай сабақты жеткізе түсіндіру мүмкін емес. Тәжірибесі мол ұстаздардың сондықтан өзіндік жұмыс стилі болатыны сөзсіз.

Бастауыш төртінші сыныпты Сағида апай Ақбалина сабақ түсіндіргенде ұйып қалатынбыз. Сол жылдарда Ахат есімді мұғалім ағай болды. Ата-тегі жадымда қалмапты. Тым сыпайылап айтсам «қыз мінезді» жігіт. Өзім сияқты бойшаң азамат болатын. Оның сабағында оқушылар ұйықтамайтын да, тыңдауға жалықпайтын да. Төлеш Дүйсекен (Дүйсенғали ағай) Тайсойған орталау мектебі Ақтөбе мал жайылым учаскесінде орналасқанда әрі мектеп директоры әрі сабақ берді. Әр сөзін нақпа-нақтап айтатын, әр оқушының зердесіне тез қонатын.

Оқытушылар оқушыларды өз баласындай баураса, әр оқушы ондай ұстазды ата-анасындай сыйлайды. Өкінішке орай, кейбір мұғалім тарапынан ұстаздық этикаға сай емес сөздер айтылатыны өсіп келе жатқан жастың мінезіне қолайсыз әсер етеді. Кейбір мұғалім оқушының жақсы киініп жүргенін көре алмайтын сияқты.

Тоғызыншы, оныншы сыныпта Елтай орта мектебінде Бижанов Сайын есімді өзім шамалас жігітпен оқыдым. Бойлы, сыйлы. Әке-шешесі ауқаттылау тұратын болар. Сайынның үстінде қытайдың макинтосына ұқсас ақ плашы болды. Бірде уақыты болмады ма, сабақ оқымай келген күні әдебиет пәнінің мұғалімі Сайыннан сабақ сұрады. Сайын бастай түсіп, мүдіріп қалды.

-Неге, үндемейсің? Үстіңдегі плашыңды бұлдап тұрсың ба?-деп жер-жебіріне жетті.Әрине, апайдың сабақты оқымадық деп ренжуі дұрыс-ты. Бірақ шапанының оқуға қандай қатысы бар еді? Болса мен де жылтырақ киім кисем, солай деуі мүмкін-ау деген ой келді. Жақсы киімді оқытушыдан басқалар кимеуі керек пе? Мұғалімнің сөзінің түпкі мәнісіне түсіне алмадым, әлде қызғаныштан, көре алмаушылықтан туындаған қитұрқы мінез бе? Сол әріптесім Бижанов Сайын есеп саласының белді маманы болып, ұзақ жыл белсенді жұмыс жасап, Ақзердей арумен мектеп қабырғасында басталған достығы махаббатқа ұласып, бала сүйіп ұрпақ өсіріп, зейнеткерлікке шығып, дәуренді өмір сүрді.

Ал, кейбір мұғалімдер оқушының білгенін көтермелеудің орнына өте жақсы айтса да бағасын төмендетіп қоятын. Мақтанғаным емес, мен географияны сүйіп оқыдым. Ынталылықпен әзірленетінмін. Сабақты үнемі жақсы айтсамда Қ. есімді ағай төрттен артық баға қоймайтын. Бірде ұялшақтау болсам да, батылданып, «ағай өте жақсыға айттым ғой», деп қалдым.

-Беске сен түгіл, мен білмеймін,-деді. Тұнжырап қалдым. Өз кәсіби – мамандығын жетік білмейтін мұғалім қалайша жоғары сыныпқа сабақ береді? Оны аудандық, облыстық оқу-білім бөлімі неге ескермеген деген ой келді маған. Ондай мұғалімнің абыройы немен бағаланды? Ізденіс жасамай, өтетін сабақты кітап бойынша оқып айтып беру – оқушының ой-өрісінің өрістеуіне жол аша ма? Сендей мұғалімнен шәкірт қандай тәлім мен білім алады?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мұғалім абыройы өзіне байланысты. Ұстаз – ересек толымды, ұғымды тұлға. Оның бойынан білімдарлықтың, тәрбиеліліктің, ұлағаттылықтың – қысқасы адамгершіліктің үлгісін көресің. Мұғалім шәкіртті сөзімен де, ісімен де, түртұлғасымен де, білімдарлығымен де тәрбиелеп қана қоймай – өзінің жан-жақты қасиетті құпиялы феномендігімен де ерекше тұлға. Ата-анасы қазақы ділге, ана тілге тәрбиелесе, ұстаз жастарды білімді, адамгершілігі мол азаматтыққа баулиды.

Кеңес САХИ,

ауданның Құрметті азаматы.

Сурет әлеуметтік желіден алынды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521