Индер ауданы қашықтықтан оқытуға қаншалықты дайын?

Ғаламдық деңгейде өзекті мәселеге айналған тәжі вирусының кеңінен таралуы салдарынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы Жарлығына сәйкес елімізде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Осыған орай білім беру мекемелері көктемгі демалысқа ерте шығып сәуір айының 6 жұлдызында онлайын сабақ өткізу жүйесі қолға алынбақшы.

Бұрын – соңды мұндай дүрбелеңге түспеген тұрғындар абдырап қалғаны рас. Мәселеге бірден назар аударған Мемлекет басшысы еліміздің Білім және ғылым министрлігіне қандай қиын жағдай болса да мектеп жасындағы оқушылардың білім алуына қажетті барлық шараларды қабылдау турасында нақты міндет жүктеген болатын. Осыған орай жергілікті жерде де тиісінше мониторинг жұмыстар жүргізілу үстінде. Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашеваның айтуынша, күні бүгінге аудан мектептерінде 6012 шәкірт білім алады.

- Облыстық әдістемелік орталығы мен аудандық білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинет мамандарымен бірлесіп жаңа оқыту процесіне дайындық жұмыстары қызу жүру үстінде. Күн бүгінге үй жағдайында интернетке қосылу мүмкіндігі бар оқушылар саны-5340 құрайды. Ал 5391 шәкірт ата-аналар күшімен қажетті электронды құрылғыларымен (ноутбук, компьютер, моноблок, планшет, смартфон) қамтылған. Сонымен қатар қамқоршылықтағы 14 шәкірттің интернет желісі мен тиісті құрылғылармен жасақталған. Оларға дәріс беретін 802 оқытушы өз мүмкіндіктері арқылы барлық қажеттіліктермен қамтылған.

Сөйтіп олар интернет желісі арқылы «Zoom» бойынша қашықтықтан білім алуға көшірілмек,-дейді бөлім басшысы. Десекте компьютермен қамтылмаған оқушылардың да бар екені жасырын емес. Әсіресе үй жағдайында тиісті элктронды құрылғылары жоқ аз қамтылған 182 отбасындағы 369 шәкірттің жағдайы ойландырып отырғанын бөлім басшысы жасырып қалмады. Бұл жай аудан басшылығына жеткізіліп отырған көрінеді.

Сондай-ақ ауданның білім беру мекемелерінде 1293 компьютер бар болса, оның 153-і жарамсыз, 196-ы тиісті жөндеу жұмыстарынан өткізіп, пайдалануға болады деген ұйғарым жасалып отыр. Жаһандану кезеңі жүріп жатқанда әрі қазіргідей кезеңде білім беру ошақтарындағы құрылғыларды жедел жаңарту қажеттігі туындап отырғаны айтпаса да түсінікті.

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, теледидардағы «Balapan» бағдарламасы арқылы дүйсенбі-жұма күндерінің аралығында онлайн жүйесі бойынша сабақ өткізу жоспарланып отыр. Салалық бөлімнен білгеніміздей, сабақ өткізу уақыты әлі де айқындалмақ.

Ал Индер көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Бағытжан Құнастан білгеніміздей 4 мамандық бойынша білім алатын 207 студент қашықтықтан оқыту процесін бастап кеткен. Оларға дәріс беретін 17 оқытушы қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілген.

Күні бүгінге оқу процесінен қалып қойған бірде-бір студент жоқ. Тек қана өндірістік оқулар кейінге шегеріліп отырғанын айтады.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521