Индербор кентінде автокөлік отқа оранып, салдарынан 30-ға толмаған өрімдей жігіт ажал құшты.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инспекторы Армат Ишанғалиевтың айтуынша, түнгі сағат 03:24-те 101 нөміріне индерборлық азамат телефон шалып, "Приора" көлігі өртеніп жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер жедел әрекет еткенмен, сағат 03:29-да көлік толықтай өртеніп, салдарынан жүргізушісі сол мезетте қаза тапқан.
Ал кейін оқиға орнына жергілікті полиция қызметкерлері келіп, өрттің себеп-салдарын анықтау үшін сүйекті экспертизге жіберген.
Жергілікті коммуналдық мекемеде автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеген азаматтың артында ата-анасы, бауырлары, 1 қызы мен екінші балаға жүкті әйелі қалды. 1992 жылы туған Ынтымақ ауылының тумасының денесі бүгін жер қойнына тапсырылды.
«Дендер»-Ақпарат