Тауық сойса да қасапшы сойсын мал союдың да өз мәдениеті бар

Мал сою цехының қасапшылары малдың басын балтамен ұрып, жер жастандырған бейне әлеуметтік желіде лезде тарап, елдің жағасын ұстатты.

Алыста емес, Атырауда орын алған бұл оқиғадан соң облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, қатыгез қасапшылар мен цех иесін жауапқа тартуда. Бұл жағдай одақ кезінде де оңып тұрғаны шамалы еді. Мысалы, сол кезде кенттегі мал сою пунктінде де совхоздардың көп малын осылай кувалдармен соғып жығатын, басқа да келеңсіз әрекетін естуші едік. Ал бүгінгі мал сою пункттерінің жағдайы қалай? Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Сәулет Есетовтан білгеніміздей, бүгінде Индерборда «Бақдәулет» (иесі К.Сабырғалиев), Жарсуатта «Шымырау» (Қ.Қағазов), Өрлікте «Ынтымақ» (Қ.Өмірғалиев) мал сою пункттері және Өрлікте «Ақтай» (С.Нұғыманов) мал сою алаңы жұмыс жасауда екен. Өткен қазан айының ішінде ауданда 100 ірі қара, 256 қой, 25 жылқы сойылған. Дегенмен ай бойына шаққанда қасапханаларға көп емес көрінеді.

-Бізде Атыраудағыдай балға, не балтамен соғып жығатындай немесе токпен соғып есеңгіретіп алатындай мәжбүрлік жоқ, бәрі де ата салтқа сай бауыздап сойылуда,-дейді аудандық ветеринариялық қадағалау инспекциясының басшысы Өмірбек Темірғалиев. Аудан орталығындағы «Бақдәулет» мал сою пунктінің иесі Керімбай Сабырғалиевқа хабарласқанымызда: «Құдай сақтасын, біреудің ақ адал малын қорлап союға жол бермейміз. Бізде кәдімгі мұсылман талаптарына сай құбылаға қаратып, бауыздап сояды», - деді.

Инспекция басшысы Өмірбек Темірғалиевтің айтуынша, аудандағы әрбір мал сою пунктінде арнайы дәрігер келген малдың алдымен құжатын тексеріп, малдың жағдайын қарайды. Егер мал ауырып тұрғаны анықталса, сол жердегі арнайы орынға оқшауланады.

-Жағдайы жақсы, түрлі ауруларға қарсы егілген, құжаты дұрыс малды ғана союға рұқсат беріледі. Сойылған малдың ішкі ағзалары пункт ішінде жабдықталған арнайы лабораториядан тексеруден өткізіліп, содан соң ғана сауда орындарына жіберуге қорытындысы беріледі, - дейді ол.

Аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Шолпан Ержанованың айтуынша, мал сою орындары елімізде елеусіз топқа жатуына байланысты, жоспарлы тексерістер жүргізілмейтін көрінеді. Егер олқылық шығып, күмән туса, жоспардан тыс тексеруге арнайы арыз жазылуы керек. Дегенмен, аудан орталығында барлық санитарлық талаптарға сәйкес типтік жобаға сай келетін мал сою пункті қажеттігін салалық бөлімінің басшысы Сәулет Есетов атап өтті.

-Егер мал сою цехын ашуға ұсыныс білдірген кәсіпкер болса, жермен, қажетті инфрақұрылыммен қамтуға мүмкіндік бар. Мұны аудан әкімі кәсіпкерлермен кездесуде айтқан еді. Әзірге оған белсеніп отырған кәсіпкер болмауда, - дейді С.Есетов.

Ата салтымызда малды бауыздап, артық қанын шығарып союға ерекше мән бергені белгілі. Әйел адамға бауыздатпаған. Мал шошиды деп, көзінше пышақ қайрап, қан-жынды көзіне көрсетпеген. Сондықтан да ата салтымыздан жалғасқан мал союдың мәнін жоғалтпай, төрт түлігімізді қатігездік пен қорлауға жол бермей, асымызды адал ішейік.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521