СИЫРДЫҢ ТЕРІСІ БАР, ӨЗІ ЖОҚ

Индер ауданына қарасты Өрлік ауылында өрістегі сиырды сойып алып, бас-сирақтарын терісімен қоса Жайық өзеніне ағызып жіберген оқиға орын алды.

Суға шомылуға барған балалар өзен жағасындағы малдың сүйектеріне кезігіп, ауылға хабарлаған соң малдың иесі лезде табыла қойды. Учаскелік полиция инспекторлары қылмысты тіркеп, тергеу амалдарын бастаған. Алайда 19 шілдеде тіркелген қылмыс әлі күнге нәтиже бермей отыр. Ал жергілікті тұрғындар «ұры алыстан келмейді, өз ауылымыздың адамдары» деп болжап отыр. Тіпті, қылмыстың ашылатынына да сене қоймайды. Өйткені, өткен жылы да осындай жағдай орын алғанымен ұрылар сол күйі табылмаған.

-Сиырымның 13 шілде күні далада жайылып жүргенін көріп келдім. Ал 19 шілде күні балалардан жаңағыдай хабар келіп, барғанымда малымды бірден таныдым. Сиыр тоғайдың ішінен сойылған көрінеді. Далада жайылып жүрген мал қалай тоғайға кіргені ақылға сыймайды. Соған таңғалып отырмын. Шамасы біреу әдейі айдап әкеліп, сойып алған секілді. Сонда тоғай қарауылшысы қайда қарап отыр,-дейді мал иесі Н.Нұрмұханов.

Ай-күннің аманында малынан көз жасып қалған тұрғын қылмыскерлер ұсталып жатырса, оларға кешірім бермей, олардың әділ жазасын алуы керектігін айтады. Әйтпесе, ұрлық жалғаса береді дейді ол. Шынында да ауданда мал ұрлығы ұшынып тұр. Оны сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов тұрғындармен кездескенде бөденеліктер де ашына айтқан-ды.

Д.АЙБАР.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521