Үлгілі жандардың өнегелі жолдары

Жақында аудандық ардагерлер кеңесінде "Ардагерлерді ардақтайық" жобасы аясында елге еңбегі сіңген, ардақты азаматтарды мерейтойларымен марапаттаған дәстүрлі шара өтті.

Әуелі ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев бүгінгі кештің негізгі мақсаты – елге қызмет етіп, еңбегі еленген үлгілі тұлғалардың тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, насихаттау екеніне тоқталып, мерейжас иелерінің өміржолына тоқталды.

Тума ауылының тумасы Қабижан Баделов ағамыз тыл және еңбек ардагері. Алғаш еңбек жолын "Екпінді құрылыс" колхозында қатардағы колхозшы, жылқышының көмекшісі болып бастаған. Содан зейнеткерлікке шыққанынша яғни, соңғы 25 жылда автотранспорт цехында жүргізуші болған. Бүгінде ағамыз торқалы тоқсан жаста. Ал 1963 жылы "Жамбыл" атындағы совхозда трактористі болып қызмет еткен көп балалы Сәния Есқалиева анамыз 1967 жылы қаңтарында Бөдене ауылына келіп, "Индер" көкөніс-сүт совхозында жұмысшы, егінші болып зейнеткерлікке шыққан.

Бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған Қабижан Қапиз ағамыз зейнеткерлік жасқа дейін 1965-1974 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте басшылық жасады. Міне, бірі – егінші, бірі – ұстаздық жолды таңдаған қос құрбы 75 жасқа толып отыр. Сексеннің сеңгіріне келген Майша Тілеулиева апамыз Индер борат кенішінің "Солнышко" балабақшасында тәрбиеші болып бастап, кейіннен осында шаруашылық меңгерушісі болып жоғарылап, зейнеткерлікке шыққан.

Дөңгелек үстел басында жиналған қонақтар мерейгерлердің жастарымен құттықтап, олар туралы естеліктерімен бөліссе, ақын, ауданның Құрметті азаматы Сансызбай Базарбаев оларға достық әзілдерін арнап, естелік сыйлықтарын сыйлады. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп мұғалімі Ардақ Шаймарданова аға-апаларына жылы лебізін білдірсе, аудандық көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері мен оқытушылары әсем әндерін орындап, мерейгерлердің мерейін үстем етті. Осылай кешті қорытындылаған Өтеп Қасибаұлы зейнеткерлерге зейін қойып келген жастарға алғысын білдіріп, қадірменді қонақтарға Құттықтау хат табыс етті.

Диас АЙБАР.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521