Әкем үнемі ризашылығын білдіріп отыратын

Сталин режимінің зардабын Қырым өңіріндегі халықтар көп көрді. Қуғынға ұшыраған олардың бірқатарын Атырауға, оның ішінде бірнеше отбасы Индерге жер аударған екен.

Зейнеп Теміркаяның әкесі Әбіләкім отбасымен осы көштің бар ауыртпалығын басынан кешкен. Әсіресе, аласапыран барысында өзінің анасы мен қарындасы Айшеден көз жазып қалғаны оңайға соқпайды. - Қырым татарлары үшін өзге өңір болғанымен Индерборда жергілікті қазақтар кеңпейілділік танытып, орталарынан орын беріпті.  Әкем марқұм күштеп көшірілген кездегі қиындықтарды айтуға құлқы болмағанымен жергілікті қазақтардың кеңпейілділігі мен қонақжайлылығына ризашылығын білдіріп отыратын, - дейді Индербор тұрғыны Зейнеп Теміркая.

Әкесі Индер борат кенішінде еңбек ете жүріп Тахира Фагалова атты есболдық Қазан татары қызымен отау құрады. Бүгінде үлкендері о дүниелік болса, балаларынан үлкені Шәміл Ақтауда, Зухра Атырауда, Рүстем мен Әнуар Ресейде, София көршілес Махамбет ауданында тұрады екен. Бәрі де өз алдына отбасылары бар. Ал әкесінің үйінде мұрагер болып қалғаны Зейнеп екен. Қазір қызы Надя және жиендерімен бірге тұрады.

-Көзім көк болғандықтан болар, танымайтын қазақтар маған орысша сөйлейді. Оған кері қазақша сөйлесем «қайдан үйрендің, қазақша таза сөйлейді екенсің» деп таңырқап қалады. Қырым татарының тілі қазақ тілініне өте ұқсас. Салт-дәстүріміз де кәдімгі қазақтікімен бөліп алары жоқ бірдей. Қазан татары тілімен де аздап айырмашылық бар.

Өмір бойы қазақтармен тату көрші тұрып, қызметтес болып келемін. Лайым да еліміз бірлікте болып, татулығымыз жараса берсін,-дейді Қырым татарының қызы Зейнеп Әбіләкімқызы.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521