Әке рухына тағзым

Ортамызда жүрсе биыл 53 жасын тойлап отыратын Табылды Досымовтың туған күніне орай оның ұлы Абыл Аяш арнайы өнерден тарту жасады.

Жыл сайын өздерінің төл бард ақынының осы мезгілде туған күнін атап өтетін индерліктер де бұл айрықша концертке ерекше ұйымшылдықпен тайлы-таяғы қалмай жиналды. Сөйтіп, Табылдының рухына бас иіп, гитара әуені астында орындалған өнеріне біркісідей құрмет көрсетті.

«Қыр баласы қол созады аспанға» атты атақты «Биіктік» өлеңінен алынған жолдарды тақырыпқа таңдап алған Абыл Табылдыұлының бұл «Тұңғыш рет»  жобасының Қазақстанның бірнеше қаласында, соның ішінде Атырау төрінде де тұсаукесері болғанын ақпарат құралдарынан да естіп, оқыған жұрт, оның орындауындағы әкесінің әр өлеңімен сағына қауышты.

-Бәріңіз сыйлап, әрқашан құрметтейтін әкемнің өзі өнер көрсеткен әрі басқарған «Борат» мәдениет үйінің сахнасында өнер көрсету маған ерекше сын әрі мәртебе. Бұл қасиетті сахнада әкемнен басқа «Ақ Жайық» ансамблі, Зәмзам сияқты сан дарынды тұлғалар өнер көрсеткен.

Сондықтан да мен сіздердің алдарыңызда осы алғашқы  концертімді ұсына отырып, өнер атты үлкен теңіздегі алғашқы қадамымды жасап отырмын, мен үшін ерекше жауапты сәт,-деп концерттік бағдарламасын өзі жүргізген Абылдың әр сөзін жұртшылық та жылы қабылдап, барынша жылы ықыластарын аямады.

Сағыныш пен қимастық сезім арнасынан асып-төгілердей болып көрінген концерттің алғашқы әнін танымал дәстүрлі әнші Еркін Әубәкіров кезінде Т.Досымов өзінің дауысына арнап жазған «Дендерді келген қонақтарға таныстыру» атты туындысын шырқап берді.Бұл әнді Табылды Махамбеттің 200 жылдығын атап өтуге дайындық кезінде жазып, алғаш орындалған болатын.

«Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, Абыл да барынша жерлестерінің сол күткен биігінен көрінуге ұмтылып, әкесінің өзі айтқандай «гитарасының бір бұрыштай қалмайтынын» өнерімен дәлелдеп бақты.

Ол орындаған «Мен қазақпын», «Күнекей қыз», «Қыр баласы қол созады аспанға», «Қыз махаббаты», «Өмірзая», «Жалғыздық», тағы басқа әндер қатарын ағасы Айдар Досымов пен Асхат Әмірғалиев толықтырды.

Әсіресе, жерлесіміз Асхаттың орындауындағы «Сәйгүлік», «Мұрат Отаралиевпен сырласу», Айдардың «Өкпелемеші», «Ұнатамын мен сені», «Елікқыз» және өзінің «Анашым» әндері сәтті шығып, көптің қошеметіне бөленді.

Концерттің соңында аудан әкімі Серік Арыстан өнерлі жас Абыл Табылдыұлына көпшілік атынан алғыс айтып, әке арманын алға жеткізе беруіне тілегін қосып, арнайы құттықтау хат табыстады.

 

С.ХАЛЫҚОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521