Каникул кереметтері

Міне, жадырап жаз келіп, ата-аналар балаларының каникулды қызықты өткізуі үшін бар жағдайларын жасауда.

Алыс сапарларға алып шығып, ел мен жер тарихын таныстырса,  бірі ауылға ата-әжесіне барғанды тәуір көреді. Ал жалпы оқушылар үшін еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі лагерлер есігін айқара ашты.

Солардың бірі – «Жас өркен» атты балалардың жазғы демалыс лагерінің өткен сенбіде ашылу салтанаты өтті.

Лагерь балаларға толы. Ақ көйлек, көк галстук пен көк берет киген оқушыларды топ жетекшілері бастап, салтанатты шара өтер алаңға жинап сап түзеді.

Одан әрі: – Лагерь демалушылары! Сап түзе! Ортаға назар сал! Топ жетекшілеріне демалушылардың сапқа тұрғызылғандығы және ұрандық ұстанымдары туралы рапорт беруге рұқсат, – деген жүргізуші Г.Демешованың сөзінен соң топ жетекшілері аға тәлімгер С.Қазмұқашеваға, ал ол лагерь басшысы С.Нысановқа толық дайындық жөнінде рапорт берді. Одан әрі лагердің ашылу салтанатына орай жас өрендер Е.Қарабалин мен Д.Жанатханова Әнұран аясында мемлекеттік Туды көтерді. Тап-тұйнақтай тәртіппен өткен осы бір шағын ғана көріністің өзінен балалардың патриоттық тәрбие алып,  Отанға деген сүйіспеншіліктерінің артуына негіз болатындай үлкен мән жатырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Егер ол бала лагерге келмей, көше кезіп ойнап жүрсе, осындай салтанатты сапқа тұрар ма еді, ұранын саңқылдап жаттап айтар ма еді,-деп ойлайсың.

Сонымен салтанатты жиында аудандық білім бөлімінің маманы Г.Ақбисенова, лагерь құрылтайшысы – аудандық Өнер мектебінің директоры Е.Сақипов, лагерь меңгерушісі С.Нысанов сөйлеп, балалардың жазғы каникулды жақсы өткізулеріне тілектерін білдірсе, демалушылар атынан үлгілі оқушы Сағат Алихан жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ оқушылар ән, биден шашу шашты.

Осындағы «Әділет» тобының жетекшісі А.Мусаев: – Менің қарамағымда 26 бала бар. Олардың бәрі достасып, бірге ойнайды. Мақсатымыз – балаларға жақсы демалыс сыйлап, олардың ашылмаған қырларын ашу, азамат болып қалыптасуына жөн сілтеу, – дейді. Ал «Жақсылық» тобының жетекшісі Ф.Нұрханованың айтуынша, балалар таңертең 07:00-де оянып, төсектерін жинап, жуынған соң дене шынықтыру маманы балаларға жаттығу жасатады. Одан соң 08:00-де тамақ ішілген соң түске дейін, алаңдарда тәрбиешілер балалардың жасына қарай түрлі сайыстар өткізеді. Түсқайта 17:00-де акт залында жоспарға сай балалардың өнері сынға түсетін көптік шаралар өтеді екен. Мұндай шара 12 күн бойы өтіп, лагерь қорытындысында жеңімпаздар марапатталады. 

Лагерь демалушылары М.Әуезов пен Б.Нысанбаев атындағы орта мектебінің 2 сынып оқушылары М.Мұратова мен М.Төлекешова: - Бұл жер бізге қатты ұнайды. Тамағымыз тоқ, үйді көп сағынбаймыз, апайлар бізге ұрыспайды. Біз екеуміз осында танысып достастық. Әртүрлі жарыстарға қатысамыз. Біздің тағы да келгіміз келеді, – дейді.

Жалпы 12 күннен 6 кезеңмен мыңнан аса балғын қабылдайтын лагерьде балалардың қауіпсіздігі қатаң сақталады. Бөгде адам кіруге тыйым салынған. Тамақ арнайы бекітілген рұқсатпен беріледі. Лагерь арнайы «ГАЗель» автокөлігімен қамтамасыз етілген. Ол мұндағы қызметкерлердің қатынауына және балалардың саяхатқа шығуына арналған. Ауыз су мен жазғы су жүріп тұр. Дегенмен жасыл желек егу ерекше қолға алатын іс екені көрініп-ақ тұр.

 

Ж.ІСІМ.

Елтай ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521