ban2

Көненің көзіне қол жетті

Көптен бері ойда жүрген нәрсенің бірі – Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасынан «Дендер» газеті түпнұсқасының электронды көшірмесіне қол жеткізу еді.

«Сабақты ине сәтімен» демекші, көздеген іске қол жеткізудің реті енді келді. Бұл аудан тарихынан сыр шертетін маңызды құжат болғалы тұр.  

Жусанның иісі бұрқырап...

Атыраудан ертелетіп Асантемір Қаршығаұлы досым аэропортқа жеткізген соң одан әрі ұшу алдындағы тексерістен өтуге келгенмін. Бұл күні Елбасының Атырауға сапары болатындықтан тәртіп күшейтілген. Қыдырудан гөрі қол босай қалса үлкендерге амандаса бару әуелгі әдет болғандықтан ауылдан бір түп жусан ала кеткенмін. Оның үстіне Кеңсайдағы марқұм Есенжол Домбаевтың басына барып дұға бағыштау негізгі ой еді. Сонымен сөмкемді тексеру құрылғысына салғанымда әлгі жусаным сәл кідіртті-ау деймін сол жердегі қызметкер:

- Мынау не? - деп сұрады.

- Жусан ғой, - дедім. Осы сәтте тағы бір қарауыл жетіп келіп қарады. Бетіме бір, камераға бір қарап: -Жақсы аға, жүре беріңіз,-деді. Біраз адам кезекте тұрғаннан кейін ыңғайсызданып та қалады екенсің. Бірақ, қызықтың көкесі әлі алда екенін білмеппін. Ұшаққа жайғасқаннан әлгі жусанымның иісі бұрқырап, ұшақтың ішін аралап кеткені соншалық жанымда отырған жолаушы түшкіріп жіберді.

– Жәракімалла,- дедім. Тағы бір түшкірді де енді менен кешірім сұрады. - Оқасы жоқ,- деп отыра бердім. Ұзын сөздің қысқасы, сол күнгі жолаушылардың көбі бір-біріне қошемет білдіріп барған тәрізді. Әтірді де әртүрлі шөптен жасаушы еді ғой деп сәл кірпік айқастырғандай едім жолсерік Алматыға келіп қалғанымызды хабарлап жатыр.

 

Көше толы құрылыс

Арнайы күтіп алған Ерлан сынды азамат жолшыбай ару қаланың тынысы жөнінде  әңгімеледі. Айтуына қарағанда қаланың жағдайы бұрынғыдай емес тәртіп жағы осалсығанға ұқсайды. Оның үстіне экологиялық ахуалда алаңдатып тұрғанмен әзірге қаланың жасыл желегі ауаны ластанудан сақтап, ажарын кіргізіп тұрғанын алматылық тұрғынның сөзінен аңғарасың. Біз жүрген бұрынғы «Фурманов» көшесі бүгінде Елбасының есімімен аталады. Сондықтан да мұнда жөндеу, көшені көріктендіру жұмысы қарқын алған. Жалпы Тянь-Шань тауларының солтүстігі мен Іле Алатауының баурайында орналасқан Алматыда  халық саны 2 млн-ға жуықтаған айрықша маңызы бар қаланың тарихи орталығын реконструкциялау және ғимараттардыжаңғырту жұмыстары көп жерде қызу жүріп жатыр. Тіпті әуелден қала мәдениеті қалыптасқан тұрғындар үй маңын көгалдандырып, айналасын таза ұстауға кәдімгідей машықтанған.

- Бұл біздің ортақ жұмысымыз. Әдемілік бәріміз үшін қажет. Сондықтан қайсысымыздың қолымыз босаса айналамызға көңіл бөлеміз. Оның үстіне қазір зейнеткерміз. Біз үшін гүл егіп, оған күтім жасау дем алғанмен бірдей. Бұл қалыптасқан әдет,-дейді біз орналасқан үйдің байырғы тұрғыны Мария апай.

 

Ұлттық кітапхана ізгілік бесігі

Сонымен негізгі жұмысым ҚР Ұлттық кітапханасына асыға жетіп, оның директоры Жанат Тұрарұлына амандаса отырып, келгендегі мақсатымды айтқанымда бірден қуана қабыл алды.

- Әріптестерімізге әрдайым есігіміз ашық. Оның үстіне алыстан елге қажетті үлкен іспен келіп отырсыз. Бұл өте құптарлық іс, - дей келе, қызметтік хатыма тегін қызмет көрсету жөнінде бұрыштама соғып берді. Осылайша кітапхана қызметшілерінің қызмет көрсетуімен «Дендер» газетінің ("Sotsialistik Mal caruvacьlьogь") 1937 жылдың 2 тамызы, 185-ші нөмірінен бері қарайғы тігіндісіне қол жетті. Яғни бес күндік жұмысымызда 1946 жылға дейін көшірме жасау мүмкін болып, оның электронды нұсқасын алып келдік. Келісімге байланысты қалған жылдарын газет поштасына жіберіп отырады. Өкінішке орай, алғашқы 1934, 1935,1936 жылдардағы тігіндісі табылмай отыр. Оны іздеп Кітап палатасына барғанымызда онда күрделі жөндеу жүріп жатыр екен. Сондықтан да оның басшысы, жазушы Әлібек Асқаровпен жөндеу біткен соң іздеу жөнінде цкелістік. Газет 1941 жылға дейін латын әрпімен шығып, кейін кириллицаға көшкен. Мұнда сол кездегі Совет одағының идеологиясымен жүзеге асқан еліміздің, ауданымыздың тынысы, сол кезеңде еңбек еткен адамдардың еңбегі, Ұлы Отан соғысы жағдайындағы ахуал туралы мол мағлұмат алуға болады. Ол туралы алдағы уақытта бөлісіп отыратын боламыз.

 

Өткенге – тағзым, үлкенге – құрмет

Арқаны кеңге салатын Алматы ауыл емес. Көлік кептелісінен үш жүз метр жерге бір сағат жүрсең уақыттың қадірін қалай ұққаныңды өзің де білмей қалатындайсың. Сондықтан да сапар барысындағы уақытты тиімді пайдаланып, Кеңсайдағы Есенжол Домбаевтың рухына дұға бағыштап, көзінің тірісінде өзі аңсаған бір түп жусанды отырғыздық. Ауызекі әңгімеде «Өлілердің қаласы» атанған бұл қорымның шеті жоқ, сәулеті таңдай қақтырады. Ал бұл жерден орын алу тіптен мүмкін емес екендігін бізді бастап барған ұлы Қуат Домбай айтқан болатын.

Кейін үйінде болып, Сәуле Ғайниденқызы апайға сәлемдесіп, ауылдың амандығын жеткіздік. Көзіне жас ала балаша қуанды.

- Есақаңсөйлесеәңгімесі «біздіңауыл» болыпбасталатын. Еркінжүрді. «Ой, мендейбақыттыадамжоқшығар» дейтін. Ешкімгеөкпесізөмірденөтті, - депескеалып, том-томкітаптарынтартуетті. АлұлыҚуатЕсенжолұлыдабілімдіазамат. Бірнешетілдімеңгерген. Шетелдежұмысжасаған. Өзініңөміртәжірибесінентүйгенбүгінгізаманғалайықбірнешекітаптарыбар.              

Келесі күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Шәміл Әбілтаев пен ауданның Құрметті азаматы Райхан Құспанов ағаларымызға амандасудың сәті түсті.  Бәрі де елге сәлемдерін жолдады.

 

Жазушылар одағында

Бір көшенің бойында болғандықтан Қазақстан Жазушылар одағының үйіне бас сұғып, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, жазушы Мереке Құлкенов пен ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, ақын Бақыт Беделханмен жүздесіп, әсерлі әңгіме бөлістік. Алыс ауылдағы ағайынның жарық жұлдызына айналған аудандық газеттің рөлі, мемлекет саясатын жүргізудегі көтерер жүгі әңгіме арқауына айналды. Әсіресе, заман талабына сай халықтың руханиятын көтерудегі негізгі бағыттар, ел мен жер тарихын зерделеу сынды келелі кеңестер айтылды.    

 

«Қазір қиналып жүрмін»

Жоғарыда айтқан Шәміл ағаға амандаса жолға шыққанда таксиге отырғанмын. Жүргізушінің атақонысы Шығыс Қазақстан жақтан екен. Әкесі сол жақтағы бір аудандық газеттің редакторы болыпты. Менің қолымдағы газет пен жусанды көріп, осыған байланысты ханшайым Тамараның хикаясын айта бастады. Әңгіменің тоқетері азаматты еліне жусанның иісі қайтарады. Бірақ, ол өзінің қатты өкініп жүргенін айтты да басын шайқай берді.

- Ол не жағдай? - деп сұрадым. Айтқысы келмеді. Қайта сұрауға ыңғайсыздандым. Сәлден соң: - Ай, балалық па, білмеймін, - деді де тағы үнсіз қалды. Алматыда жақын жолыңның өзі алыстай ғой. Бағдаршамға келіп тоқтағанда Ержан есімді азамат мына бір әңгімені қинала бастады.

- 1984-86 жылдары Германияда әскери борышымды өтедім. Бір күні бізді жолайрыққа әкеліп тастады. Жанымда тағы бір сарбаз бар. Кенет бір шал келді. Сақалы ағарып кеткен. -Балам, қазақсың ба? - деп сұрады. - Иә, - дедім. - Маған бір уыс топырақ әкеліп берші. Саған көп ақша берейін, - деді. Негізі батыс жағынікі. Бір аудандарды сұрап, Каспийді айтты. Сол кездегі идеологияның кесірі ғой. - Сен сатқынсың, біздерді сатып кеттің,- деп қуып жібердім. Айналшықтап кеткісі келмеді. Сол кезде 60-70-тегі шал болу керек. Қазір сол әрекетіме қатты өкінем. Кейде өзімді-өзім кінәлап, қиналамын.

Міне, осылайша бір түп жусан жүректегіні қозғап, біраз әңгімеге арқау болып шыға келді. Оның қасиеті де сонда болса керек.

 

Өнерлі жастар

Бір күнімді сол жақтағы жастарға арнап, сейіл-серуен құрдық. Алма арасанның табиғатын тамашалап, таудан құлаған мөлдір бұлақтың дәмін таттық. Алдымен Әділбек Қайыржан хабарласып, бірге жүрудің сәті түсті. Ол 1999-2005 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті, 2005-2010 жылдары облыстық Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейді «Алтын Белгі» медалімен тамамдаған.                          Кейін 2010-2014 жылдары Қазақ-Британ Техникалық университетін қаржы мамандығы бойынша бітіріп, қазір сол саласы бойынша Алматы қаласында еңбек етуде. Өзінің бірнеше өлеңдері де бар екен. Ал көктоғайлық Абылайхан Жұмашев «Ана тілі» газетінде жұмыс жасаса, бүгінде республикалық «Айқын» газетінің белді тілшісінің біріне айналыпты. Алматыдағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенті Ержан Жұмабай гитарасын қолынан тастамай Табылдының біраз әндерін әуелетті. Өз туындыларын ортаға салып, емен-жарқын әңгімелескен бір ғанибет отырыс болды. 

Бәрін айт та бірін айт, «Апама да барайын, тайлағымды да үйретейін» деген Алатау жаққа жасаған аз күн сапарымызда газетіміздің тарихын түгендеп, қарттарға амандасып, жастармен де кездесудің реті түсті.

Бұл да бір біткен шаруа тәрізді.

 

Ж.Амантурлин.

Индер-Атырау-

Алматы-Атырау-Индер.

Жарнама

banner_small

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Бейнебаян жаңалығы

Жарнама

banner_small

baner