ИсиГипсИндер – үздік кәсіпорын

Индер байлығын игеріп жатқан аудандағы кәсіпорынның бірі де бірегейі - «ИСиГипсИндер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Серіктестіктің құрылтайшысы әлемге әйгілі германиялық Кнауф компаниясы. Жақында аталған компания  жылдың қорытындысын саралай келе әлемдегі 200-ге тарта зауыт ішінде «ИСиГипсИндер» ЖШС-ін екінші үздік кәсіпорын деп танып, арнайы символикалық байрағын жолдады.

Германиялық Кнауф компаниясының Қазақстанда, оның ішінде Таразда, Қапшағайда және Индерде 3 зауыты жұмыс істеуде.  Индердегі зауытта бүгінде  110 адам еңбек етсе, еңбеккерлердің бәрі де жергілікті азаматтар. Зауытта  гипсокартонның стандартты 1200*2500 мм-лі 9,5 мм, 1200*2500 мм-лі 12,5 мм  және осы көлемде  ылғалға төзімді  барлығы 4 түрін шығаруда. Өткен мамыр айында арнайы мамандар шақыртылып, зауытта қайта құрылымдау жұмыстары жүріп, заманға сай озық  технологиялар енгізілді. Соның нәтижесінде гипсокартон дайындауды  600 шаршы метрге өсіріп, бүгінде  жылына 5 млн 800 шаршы метрге дейін өнімділікке көбейткен. Аталған өнім жоғары сапалы гипстен дайындалады. Соған сай  халықаралық стандарттардың барлық талаптарына сәйкес сапалы деңгейде жүреді. 

-Кәсіпорын ұжымы берілген жоспарға сай  еңбек өнімділігін арттыруға ұмтылып келеді. Тиісінше зауыттың  әрбір еңбек күніндегі атқарылған жұмыс барысымен орталық компания жіті таныс. Жұмыс барысын қорытындылай келгенде гипсокартон өндіретін көптеген зауыттардың ішінде «ИСиГипсИндер» ЖШС-ін  екінші орынға лайық деп таңдауы біздің ұжым үшін  үлкен мәртебе, - дейді кәсіпорын директоры Жолдасқали  Үмбетияровты сөзге тартқанымызда.

Дегенмен зауыт басшысы Индер теміржолын жақында түрлі себептермен тоқтатып тастауы зауыттың жұмысына кедергі болып жатқанын жасырмады. Өйткені, гипсокартон өнімдері осыған дейін негізінен іргедегі жүк пойызы арқылы тасымалданатын.

- Әзірге шығарған өнімімізді тапсырыс берген аймақтарға жіберуде қиындықтар тууда. Бұл мәселе бойынша жергілікті әкімшілік те хабардар. Осы орайда  келіссөз жұмыстары жүруде, - дейді ол.

Ауданның жүздеген тұрғынын жұмыспен қамтыған және бизнестің әлеуметтік жобасына тындырымды атсалысып отырған  кәсіпорынның қызметі әрдайым жетістіктерден көріне беруіне біз де тілекшіміз.

 

С.БАЗАРБАЕВ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521