Индерборда көршілер көшеде Наурыз дастарханын жайды

Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыз мерекесі кенттегі көптеген көшелерде тойланып, көршілер бірліктің белгісін көрсете білді. Солардың бірі – Махамбет көшесінің 18/20 көп қатарлы пәтерлердің тұрғындары көпке үлгі боларлықтай шара ұйымдастырды. Татулығы берік орнаған көршілер таңсәріден бастап көшедегі «Мағрипа» дүкенінің алдына тазалық жұмыстарын жүргізіп, мерекеге орай түрлі етіп безендіріп, дастархан жайып, қазақтың ұлттық тағамдарын қойды.

Жалпы бұл бастаманы осы жердің байырғы тұрғыны Гүлайым Кашимова көтеріпті. Оның айтуынша, мұндай шаралар тұрғындардың басын қосып, бір-бірімен жақын араласып танысып кетулеріне мүмкіндік береді екен. Сол сияқты көше тұрғындары Әбида, Гүлбарам, Үміт есімді зейнеткер аналар да өздерінің қолғабыстарын көрсетіп, жастарға қазан-ошақтың дайындалуы мен шоқ самауырын салуды көрсетті. Ал кішкентай бүлдіршіндер балғын дауыстарымен ән шырқап, тақпақтарын айтып, тәттілерге қарық болды.

Қазақтың Жаңа Жылы саналатын Наурыз тойын татулығы жарасып, бір подъездің емес, отбасының мүшелеріндей болған Махамбет көшесі 43а үйдің тұрғындары да қалт жібермеді. Есік алдына арнайы ақ дастарханын жайып, Наурызкөже, бадана бауырсақ сынды ұлттық тағамдарын ала шығып, қыз-келіншектер қазақы киіммен он саусақтары майысып тұрғындарға дәм татқызып, көпшіліктің алғысын алды.

Арнаулы мерекелерден бөлек қазақтың қанына сіңген ерулік, бастаңғы, көңіл шай, сарқыт шайлары да қашанда таусылмайтын көршілер бір-біріне мейірімді, үлкенге қамқорлық жасап, кішіге ізет көрсетіп келеді. Сондықтан олардың бұл игі бастамасына қатарлас подъездің тұрғындары да қызыға қарап, мерекелік дастарханнан ауыз тиді.

Диас ҚАБИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521