Есімі есте қалған ер

Жайық бойындағы Дендер өңірінің тағы бір дарынды ұлы, бірнеше кітаптар мен өлеңдердің авторы, мемлекеттік қызметтің ардагері, Қазақстан Журналис-тер одағының мүшесі Базарғали Тілепқалиұлы Суханқұловтың 70 жасқа толуы және бұл дүниеден өткеніне 10 жылдығына орай еске алу кеші ұйымдастырылды.

Жаңа мәдениет үйінде өткен бұл кеш «Ғұмыры бар ұқсастау ертегіге» деп аталып, көпшілікке арнайы кітаптары мен қолданылған бұйымдары, сурет альбомдары қойылған көрме ұсынылды.

Ал кештің беташарын үлкен экран арқылы азаматтың өткен жолы баяндалған деректі фильм мен өнерімен баршаға танылып үлгерген «Ақ Жайық» халық театры (жетекшісі Шаида Оразғалиева) қойған көрініс ашты. Онда басты кейпкердің рөлін «Аққала-Мәдениет» КҚМК директоры, ақын Камалиден Ізімов сомдап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Өмір –өзен ағады ертеңіме,

Ғұмырым бар ұқсастау ертегіге.

Өлеңдерім-бақытым, бар байлығым,

Теңіздей толқып жатса жыр елінде,-деген Базарғали ақынның өлең жолдарын еске алған жұрт сәлден соң оның досы әрі әріптесі, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиалының директоры,  «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкері» Қойшығұл Жылқышиевтың сағынышқа толы естелік-тілегіне құлақ түрді.

Жасыратыны жоқ, қызығы таусылмаған жастық шақ, махаббат қызық мол жылдар, аудандық «Дендер» газетінің қабырғасында жүргенде бастан кешкен көп қызықтар мен өмір тосқан қиындықтар да айтылмай қалмады.

Азаматтың жан жолдасы оқыған «Базарғалидың домбырасы» атты балладасы, одан соңғы сахнаға көтерілген қазақтың дарынды ақын қызы Әлия Дәулетбаеваның сырға толы арнау өлең жолдары көпшілікпен жылы қабылданды. Белгілі журналист, облыстық «Алтын аймақ» газетінің бас редакторы, «Қайрат» аймақтық қайырымдылық қорының төрағасы Төлеген Берішбайдың тілегі де осы арнада тоғысты.

Бұл арада Базарғали Суханқұлов шығармашылығының тағы бір қыры – дос-жолдас, сыйлас ағаларына шығарған мөлдір сезімге толы әзіл жолдарын да көпшілік ерекше қабылдағанын айтпасқа болмайды.

Әсіресе әріптестеріне жақсы таныс, әр адамның мінез-болмысын ашып, айнадай көрсеткен журналист, редактор Ерсайын Көшек, фототілші Себекбай Үмітқалиев, баспашы Маргарита Бегәліқызы, тағы басқаларының мерейтойлары кезінде автордың өзімен оқылып, ортамыз талай қыран-топан күлкіге көмілген еді.

Өмірден қыршын кеткен азамат ақынның отбасына аудан басшылығы атынан аудан әкімінің орынбасары Мұқамбетқали          Алдерзин тілек білдіріп, азаматтың жары Мәруаш Оразғалиеваға сый-сияпат ұсынып, иығына ұлттық нақыштағы камзол жапты. Өз кезегінде Мәруаш Шәріпжанқызы да өмірден ерте өткен жолдасын ұмытпай, ардақтап отырған баршаға ақ алғысын жаудырды.

Ал кезінде қос аудан Исатай мен Индер аудандарының мәдениет бөлімдерін басқарып, Индер саз мектебінің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі болған Базарғали Тілепқалиұлы шығармашылығына да орын берілді.

 Әсіресе, «Наурыз вальсі», «Дендерім» әндері өнерпаздармен сахнада шырқалып, "Әсем-ай" бишілер тобы билеп кеш шырайын аша түсті.  Әрине, азамат туралы естелік әңгіме мен ыстық тілектер толқыны бұл күні бір толастамай, ел есінде қалған ердің қадірін тағы бір танытқандай әсер қалдырды.

С.ХАЛЫҚОВ.

Сурет автордікі.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521