Даланың дарабозы

Бүкіл ғұмырын жылқы бағуға арнап, сонау соғыс мезгілінде қиындыққа қайыспай қарсы тұрып еңбек еткен қайсар жандар аз емес.

Әсіресе, аудандағы 16 Социалистік Еңбек Ерінің есімін жергілікті халық мақтанышпен атайды. Міне, солардан бүгін арамызда қалған Ғалым Есмұратов ағамыз 90 жасқа шығып отыр.

Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Д.Шамұратов ардагерді аудан әкімі атынан құттықтай барып, арнайы сыйлығын тапсырды. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Нұриев, Елтай ауылдық округінің әкімі Е.Дүйшім, Аққала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Раушановтар ізгі тілектерін арнап, ізет білдірді.

Бұл ықыласқа риза болған Ғалым ағамыз жүрекжарды пікірін білдіріп, ақ батасын берді.     

Жалпы жылқышы ағамыз 1928 жылы 5 маусымда  Индер (Есбол) ауданының Горы селолық Советі аумағында қарапайым колхозшы Есмұраттың отбасында дүниеге келген. Әкесі Қусанов Есмұраттың 1942 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылуына байланысты еңбек жолын туған ауылындағы "Степан Разин" атындағы  колхозда жылқышы болып бастаған. Қабылдап алған 133 бас жылқыдан  бір тұяқ шығын етпей жылқыны қыстан аман алып шығады. Ал 1943 жылы көктемде 52 биеге 52 құлын ертіп, жоғары еңбек көрсеткішін көрсетеді. Осылайша қабырғасы бекімеген жас бала соғыс жылдарында кездескен небір қиындықтарды жеңіп, мал басын шығынсыз бағып, оны өз төлі есебінен көбейтуге жұмыстанды. Жұмыс істей бастаған алғашқы бес жылда барлығы 147 жылқы өсірді, соның ішінен таңдаулы 30 жүйрікті колхоз Совет Армиясына берді. Осы еңбегі ескеріліп 1945 жылы ол 17 жасында ІІ дәрежелі Отан соғысы орденіне ие болды. Ұлы  Отан соғысы кезіндегі мал шаруашылығын өркендетуге және одан кейінгі кезеңдегі ерен еңбегі Үкімет пен партия тарапынан жоғары бағаланып КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығы бойынша 20 жасар комсомол мүшесіне Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені мен «Орақ және балға» Алтын Жұлдыз медалі, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталды.

Ғалым ағамыз 1950 жылы сәуірде Совет Армиясы қатарына шақырылды. Әскер қатарында  үш жыл болып елге оралған соң ол туған колхозында  еңбекке араласты.  Шоферлік куәлік алып туып- өскен ауылында төрт жылдай жүргізуші болды. Содан кейін денсаулығына байланысты  колхоз өндірісінде әртүрлі салада еңбек етіп, 1966 жылы ірілендірілген "Амангелді" атындағы совхоздың товарлы жылқы фермасына жұмысқа оралып содан зейнеткерлікке шықты. Көп сөзге жоқ, істің адамы. Еңбек еткен жылдары бірнеше мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы болып танылды.  Әлденеше рет мерекелік медальдармен, аудандық, облыстық деңгейдегі  Құттықтаулар мен Алғыс хаттарға, ақшалай-заттай сыйлықтарға ие болды.

Кейін ағамызға «Атырау облысының Құрметті азаматы» және «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Бүгінде еңбек ері Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылында бала-келіні Бақытгерей-Балзияның қолында бақытты өмір сүріп жатыр. Ал ағамыздың ажары да, базары да кішкентай немерелері.

–Бар өміріміз далада өтті. Құлақасқа, қаратөбел, жирен айғыр сынды 4 үйір жылқымыз болды. Соның ішінде құлақасқа қасқырға құлын бермейтін өжет еді. Гурьевке етке жылқы айдап, 4 күн жүреміз. Арнайы автокөлік қонатын жерге орын әзірлейді. Ертесіне бір сағат жайып алып, қайта айдаймыз,– дейді өткен күндерді есіне ала. Ал бәйгеге қосқан жирен төбелінің өзі бір төбе екен. Сөйтіп қыс Кералада, жаз Саралжыңды жайлап, даласынан бірде-бір ірге ажыратпапты. Тіпті тегін берілетін шипажайға да аяқ баспаған көрінеді.

Айтпақшы, ағамыздың «Социалистік Еңбек Ері» атағын алғанына да шілде айында 70 жыл толады. Қалай дегенде де қазақтың жылқымен жаны егіз десек сол түлікке бүкіл өмірін арнаған ақсақалдың ғұмыры ұрпаққа өнеге.

Ж.ІСІМ.

Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521