Біз 17 жаста едік...

Қазақстандағы ең маңызды салаға жаңа позитивті образдар қалыптасуы керек болып жатқан тұста, өзіміздің сонау 1975 жылы Өрлік орта мектебін бітірер кездегі қарбалас та қызықты сәттер еске оралады.

Ол кезде одақ бойынша шұбартаулық жастардың мал шаруашылығын көтеруге шақырған бастамасы жер-жерде қолдау тауып жатты. Мектеп бітіріп жатқан бізді де бүгінде құрылғанына 90 жыл толып отырған Ленин орденді «Передовик» колхозының председателі Тастан Шманов ағай бастаған ауыл басшылары шұбартаулықтардың үндеуін қостап, комсомол-жастар бригадасын құруға, яғни қой бағуға аттануға үгіттеді. Сонымен колхозда «Аққу» және «Жас қанат» комсомол жастар бригадасы құрылды. «Жас қанат» комсомол жастар бригадасына бүгінде ортамызда жоқ марқұм Ислаш Дәулетияров, Жақсылық Мұхсинов, Жәнібек Смагулов жазылды.

Сонымен қатар Нұран Жұмашев, Мақсот Қамиев, Мәлік Шынтаев, Гүлфара Қазимова және мен болып, аға шопанымыз марқұм Қанат Тоғжановтың қарамағында қой бағуға аттандық.

Ауылдан 90 километр «Есенқұлжазық» деген жерге 2400 қойды бағуға келдік. Ол кезде мектеп бітірсек те 17 жаста ғана едік. Атқа мінуді, қой бағуды білмедік. Қанат ағамыз әуелі атқа мінуді үйретті, қой бағудың тәсілдерін сол кісінің арқасында біртіндеп меңгере бастадық. Әлі есімде, 1976 жылдың 3-4 қарашасында қатты боран соғып, асты-үсті цемент, жағатын отын жоқ (табиғаттың бұлай бүлінетінін кім білсін), салқын сарайда өткізуге мәжбүр болдық. Бағымдағы қос отар 1800 қойды далаға жайып кеткенбіз. Қазіргі күнде жолдасым Нұран екеуміз боранда қойдың соңына ілесіп жүре бердік.

Тоңсақ та қойдан айырылмадық. Сол күні № 1 ферма меңгерушісі Сақан аға Дәулетқалиев пен зоотехник Хайролла Өмірғалиев ағалар бізге тон, байпақ, темір пеш алып, түнгі 3-те келді. Сөйтіп, бір қиындықты артқа салған едік. Қазір ойласам үлкен ерлік жасаған сияқтымыз.

Осы екі жыл ішінде қандай боран, жауын-шашын болсын, облыстан бірінші хатшы О.Көшеков бастап, Т.Шманов, Х.Өмірғалиев ағайлар біздің бригадамызға жетіп келіп, қал-жағдайымызды білуші еді. Ауылымыздың комсомол хатшысы Злиха Шаханова апамыз үнемі бізбен бірге болып, ақыл-кеңесін айтып, түрлі тамақ пісіруді үйретіп жүруші еді. Міне, осындай аға-апаларымыздың қамқорлығы, адамгершілігі арқасында біз аман-есен екі жылымызды аяқтадық. Күз айында Гүлфара екеуміз де Атырау педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1982 жылы бітіріп, ауылға бастауыш сынып мұғалімі болып оралғанбыз. Міне, содан бері де 35 жыл бойы ұстаз болып еңбек етіп, бүгінгі күнде зейнеткермін. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігін нығайту жолында жастардың әлеуетін пайдаланудың маңызды екендігін атаса, оған іспен жауап беру әр жастың міндеті деп білемін.

Алтын САПАҒҰЛОВА,

зейнеткер-ұстаз,

Өрлік ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521