"Билік айтқан би емес, бітістірген би"

Қоғамдық сананы жаңғыртудың бірден-бір жолына айналған медиацияның республикалық  күніне орай аудандық кітапханада кездесу өтті.

 

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев ашып,    әлемдік стандартқа  сәйкес келетін сот жүйесін қалыптастыру - «Қазақстан - 2050» стратегиясының басты міндетінің бірі екендігін айта келе,  медиация - кез келген даулы мәселені бітімгершілікпен шешуде  қазіргі сот жүйесіне өте қажетті жолдардың бірі екендігіне тоқталды.

Аталмыш тақырып бойынша  аудандық соттың судьясы Әділ Құспанов толық баяндап өтті.

- Медиация тәсілі - сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Кезінде билер дауды бірауыз сөзбен шешкен,  «билік айтқан би емес, бітістірген би» деген екен.

Әсіресе, жасөспірімдер ісінде кез келген түсінбеушілікті, балалардың болмашы бұзақылығын сотқа жеткізудің қажеті жоқ деп есептейміз. Сотты болған, ісі тергеліп, құзырлы орын алдын көрген балалардың психологиясы бәрібір бұзылады. Ал олардың ағаттығын өзара мәмілеге келу арқылы шешетін болсақ, кәмелетке толғандардың түзелуіне, қателігін түсінуіне мүмкіндік туғыза алсақ ұтқанымыз, - деді судья Ә.Құспанов.

Елтай округі бойынша кәсіби емес медиатор Тасқали Темірболатов кеңестік кезінде кәсіподақта, партком қызметінде болғанда талай аразданушыны татуластыруға атсалысқанын, қазірде медиатор болып бұл игі істі  жалғастырып келе жатқанын атап өтті. 

- Қазір ауыл арасында куә болып жүрміз, отбасында кейбір әйелдер ерлерін қит етсе сотқа беріп қорқытып алғысы келеді. Отбасындағы сыйластық азайып, ажырасулар көбейіп барады. Еншісін алып күйеуге кеткен қызы әкесінің үйіне таласатынды шығарды. Малға таласқан ағайындар, жерге таласқан көршілер бар. Осындай тұрмыстық істің бәрін сотқа жеткізбей ағайын арасында, ауыл ішінде шешуге болады. Өкінішке орай, оған бұрынғыдай ауыл ақсақалдарының беделі болмауда,-деді ол.

Кездесуде кітапханашы Гүлзина Шакимова сөз алып, биылға Шәкәрімнің, Б.Момышұлының, Н.Келімбетовтің ұлттық тәрбиеге бағытталған кітаптары оқырманға ұсынылып отырғанын, осы өнегеге толы жинақтарды оқыған оқырманға тәрбиелік бағытында үлкен ой салар еді деген пікірін білдірді.

«Қоғамдық келісім» КММ аудан бойынша сарапшысы Мирдана Қапезова медиацияның іске асуы қоғамымызда тыныштық пен татулықты орнықтыруға жетелеуші күш екендігін атап өтті.

Айта кетейік, бүгінде ауданымызда кент және ауылдық округтерде 12 кәсіби емес медиатор жұмыс істеуде, арнаулы кабинеттермен қамтамасыз етілген. Медиацияға байланысты аудандық сотта биылғы жартыжылдықта 277 азаматтық істің 50-і,   244 әкімшілік істің 15-і,  10 қылмыстық істің  1-еуі медиация тәртібімен аяқталыпты.

 

 

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521