БАҒБАНДЫҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН СПОРТШЫ

Жерлесіміз, бокстан республика чемпионаттары мен бүкілодақтық жарыстардың жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі атанған спорт және еңбек ардагері Алтыбай Намазұлы Ермұханов көзсүйсінер бау-бақшасымен өзгелерді таңғалдырды.

Ол былай басталған еді. Алыстан сағынып жеткен боксшы інісі, Әлем кубогінің күміс жүлдесінің иегері Серік Нұрқазовты жадырай қарсы алған Алтыбай Намазұлының қонағы үлкен қақпасының табалдырығын аттасымен-ақ жайқалған алмұрт ағаштарынан көзін ала алмай тұрып қалды. Бағзы бір сұлудың құлағына ілінген сырғадай болып көрінетін әр талдағы көкала жемістердің сырты ыстық күнмен шағылысып мың құбылатынын да қайтерсің. Қаз-қатар өскен алмұрт кәдімгі иран бағындағы " алма піс, аузыма түс" деп тұрғандай адамды еріксіз өзіне тартады. Одан бері шағын құмыраға отырғызылған гүлдер, жүзімнің түрлері, болгарлық қызыл, көк бұрыштар, қызаңақ, қияр өскен шағын бақтың мұншама өзіне көз тартарын үй иесі де аңғармай қалса керек. Сәлден соң мән-жайды түсіндіре бастады.

bagban2

-Осы үйді алғалы жеті жылдай уақыт болды. Әр жарысқа барғанда керек гүлдер мен ағаштардың дәндерін әкеліп отырғыза беремін. Бағбан болудың өзі бір тылсым ғылым екен ғой. Ертелі -кеш осы бақтан шықпаймын, зейнеткерліктегі менің хоббиім болып алды. Мынау алмұрттың дюшес деген түрі. Ал жүзімнің қарасы майский және ханша, виктория деген үлгілері. Роза, астра, невестка, петунья гүлдерін өсіріп жүрмін,-деді еңбек және спорт ардагері.

Аудан әкімінің орынбасары Дарын Дүйсенбайұлы бастаған жерлестері де қарапайым зейнеткерден әліде үйренетін жайттар көп екен ғой,-деп риза болысып жатты. Ерлі-зайыпты Алтыбай мен Күләш Ермұқановтардың жасыл желекті бақтың қақ ортасына орналасқан ағаш сәкілерін көмкеріп, көлеңке болып тұрған жүзімдерінің дәмдері де тіл үйіреді. «Бейнеттің зейнеті де тәтті» болатыны рас қой.

С.ХАЛЫҚОВ,

Индер ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521