Аяқсыз да арманыма қол жеткіземін

Өмір болған соң оның соқтықпалы соқпағы да қатар жүретіні заңдылық. Сонау жылдары жол апаты салдарынан арбаға таңылып, мүгедектің күйін кешкенімен Қуат Жанесеев Қибатоллаұлының арманы асқақ, мақсаты айқын.

 Ол 1990 жылы Елтай ауылында дүниеге келген, оның 2 апасы, 1 інісі бар. Бала кезден алғыр, ортаға тез бейімделгіш. Қуат сегіз жыл бұрын тағдыр тәлкегіне түсемін деп еш ойламады..

Қызмет атқарып жүрген бозбала 2010 жылдың қазан айында жаяу жүргіншілер жолынан өте бергенде автобус қағып кетіп, ауыр халде ауруханаға жеткізіледі. Бірнеше күрделі ота жасалып, қайда барса да үміт артқан ем-домнан еш нәтиже болмай, мүмкіндігі шектеулі мүгедектер қатарына қосылды. Алты ай бойынан тағдыр сынағына мойынсұнбай, сарыуайымға салынып, басқа түскен бейнетке шыдай алмайды. Алайда, ата-анасы, туған-туыстары, достары оның жанынан табылуының арқасында бойындағы бар қажыр-қайратын жиып, алға қойған мақсат-мұратына ұмтылып, қоғамдық ортаға қайта оралады.

Осыдан кейін, Қуаттың көңілі көтеріліп, өзін өзгеше әлемде жүргендей сезінеді. Қоларбада таңылып отыра бергенше, мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолынан іс келетінін дәлелдейін деген ой қанат бітіреді. Белді бекем буып, «Даму» қорының аймақтық филиалы арқылы несие рәсімдеп, Елтай ауылынан «Жұмат» кеңсе дүкенін ашып, кәсібін бастап кетеді.

Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру кешеніне барып, облыстық, республикалық, қалалық мүгедектер арасында турнирлерге қатысып, жүлделі орындармен оралып жүр.

-  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының ашылу салтанатын тікелей эфирден тамашаладым. Елбасының жастар саясатына үлкен көңіл бөлуі біздерге үлкен сенім мен қуаныш сыйлады. Мен де елімнің қажетіне жарау үшін қолымнан келгенше еңбек етіп, арманыма аяқсыз-ақ ұмтыламын,- дейді «Жас Отан» мүшесі Қуат Жанесеев. Сонымен қатар, ол болашақта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құммен сурет салатын, вокал, би, шахмат, дойбы секілді үйірмелер мен сауықтыру орталығын ашу жоспары барында жасырмады.

Иә, арманына аяқсыз ұмтылған Қуаттың бұл еңбегі он екі мүшесі түгел бола тұра «жұмыс жоқ» деп жатқандарға ой салса керек.

Гүләлия И.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521