ban2

Алағаншық

Бір ашылып, бір жауып, қылышын бір сермеп қалайын дегендей кәрі қыс әлек салғанмен, дәурені өткен соң не қайыр? Алағаншық дейтін мұндай мезгілді. Тоң жібіп, данышпан дала қарт ұрпағын ұйқыдан оятып, табиғат қайта түлегелі, жасарғалы жатыр. Иә, жер жүзінде ана мейірімі мен жеті қат тоңды жібітетін құбыладан соққан желдің құдіретіне жететін не бар.

Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы қыр өңіріндегі малшылар үшін қым-қуыт. Биылғы қыс кәдімгідей қиындық туғызып, төрт түліктің аузы шөпке әрең –әрең тиіп жатыр. Қыр өресіне қарай қозғалсаң іші өскен жылқылардың аяғы талып жатқанын әрі төлдеу мезгілі таяған соң түз тағысынан үркіп, қарасынды паналайтынын көресің. Тіске ілінер-ілінбес қар астында қалған жалаңаш көкті талғажау етумен әлек. Қатқыл сазды болғандықтан сай-сала суға толы. Сондықтан қыр өңіріне қарай шығу үшін қажырлы көлікпен сақтана жүрмесең батып қалуың да әбден мүмкін.

Елтай ауылдық округіне қарасты қыстақтардың көбінде шаруа қожалықтары отыр. Солардың бірі «Қобданқызылдағы» шаруагер Берік Сидеғалиевтың айтуынша, биылғы қыс малдың жанына батыңқырапты. Өйткені, жауған қар бірде жіпсіп, қайта қату арқылы мұздаққа айналып, ақыры малдың тебіндеуіне қиындық туғызған. Дегенмен «Нағим» шаруа қожалығының басшысы Жетіс Мыңбаев төрт түлік қыстай қораға тұрмай жайылып шыққанын, қардың онша қалың болмағанын, бүгінде ірі қара төлдей бастағанын, ал қой-ешкі наурыз айының аяғына таман қозы-лақтайтынын айтады. Алдағы көрісу күні ауылдағы қарттарға көрісе бару дәстүрге айналған. Әйтеуір, қырдағы ел көктем шыға мойнынан қамыт түскендей бір жеңілдеп, Наурыз мейрамына хал-қадерінше дайындық үстінде.

Ж.ІСІМ.

Жарнама

banner_small

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Бейнебаян жаңалығы

Жарнама

banner_small

baner