533 миллионның жұмысы қалай жүріп жатыр?

«Алғабас-Жорық» каналын қайтадан қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Оған біз кеше облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастаған топпен бірге канал бойын аралап шыққанда куә болдық.

Ауданның ауылшаруашылық саласы үшін ұзындығы 65 шақырымды құрайтын «Алғабас-Жорық» каналының маңызы өте зор. Бөдене, Жарсуат округтерін бойлай өтіп жатқан канал бойында көптеген егін және мал шаруашылықтары орналасқан. Шаруа қожалықтары ырыздығын осы каналдан көріп отыр. Көптен бері жөндеу көрмеген каналдың су өткізгіштік деңгейі мүлдем төмендеп, өңірімізде ауыл шаруашылық саласының лайықты дамуына күрмеу болып келеді.

dsc_1407

-Каналдың бойы уақыт озған сайын бітеліп, нағыз шегіне жетті десе болады. Каналдың басынан тоқтатпастан тәулік бойы насоспен қанша жіберілсе де су жоғары қарай жетпей, бергі бас жақтарында жарып кетіп қиындық келтіруде,-дейді «ҚазСушар» РМК Индер өндірістік учаскесінің басшысы Сайлау Байбосынов. Айтқандай, каналдың Жайықтан алған бастау жағы суға лық толған болса, оның 29 шақырымындағы Төртқұдықтың тұсына дейін су қалыпты. Ал каналдың 32 -37 шақырымындағы Алдаберген тұсында су сыздықтап, баяу ғана ағып жатыр. Одан әрі Малайсары маңында канал тіптен кеуіп жатыр екен.

- Жорыққа дейін соңғы рет 2004 жылы су келген еді. Содан кейін жеткен емес. Канал еш жөндеу көрмегендіктен де жылдан жылға суы азая беретін болды. Каналдың жөнделе басталғанына ризамыз. Бұл өлкемізде мал шаруашылығының дамуына үлкен бетбұрыс болады деген үлкен үмітіміз бар, - дейді «Жарсуат» өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Аманжол Қажымұратовты сөзге тартқанымызда. Аталған канал бойын жаңғырту жұмыстарына 533 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен "Сұңқар Құрылыс" ЖШС атқаруда. Учаске басшысы Нұрхан Сәңкібаевты сөзге тартқанымызда, каналдың ең шеткі нүктесі Жорық және Базарбай өткелі котлавандарын қосқанда барлығы 16 шақырымын қалыпты деңгейде қазып келе жатқандарын, енді Орлыойға қарай бет алғандарын қаперге берді. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаев облыс бойынша былтыр Махамбет ауданында екі каналға жөндеу жүрсе, биыл 3 каналға, соның бірі, әрі үлкені осы «Алғабас-Жорық» каналы екендігін атап өтті.

dsc_1347

- Қазір каналды жаңғырту жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Каналдың бойында 6 экскаватор жұмыс жасауда. Әлі де техникалар қосып жұмысын жандандыруды қолға алмақшымыз. Биыл осы каналды аяқтасақ, келесі жылы басқа да каналдарды кезең-кезеңімен жасау жоспарымызда. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Каналдың ауылшаруашылығына маңызы ерекше, - деп жалғады әңгімесін.

Жұмыс барысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Ә.Нәутиев жұмыстың сапалы атқарылуына баса назар аударды. Әрі каналдың жан-жағын тегістеп жүруді, котлавандардан малдың су ішуіне жағдай жасалып, қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521