150-ГЕ ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛМАҚ

Индер ауданы басшысы Мейірім Қалауи  Жолдаудағы бес бағыт бойынша атқарылатын жұмыстар жөніндегі баяндамасында жаңа жұмыс орындары ашылатындығын айтты.

Елбасының бастамасымен өмірге келген "Ауыл-ел бесігі" бағдарламасының қаржыландыру көлемін 3 есеге арттыру міндеті, сөз жоқ - үлкен қолдау. Бұл қомақты қаржы ауылдардың тынысын одан әрі кеңейте түседі. Тек биылдың өзінде ауданда жаңа 17 құрылыс нысаны жүзеге асуда.

Бағдарлама ауқымын кеңейту арқылы аудандағы инфрақұрылымдық проблемаларды оңтайлы шешуге мүмкіндік мол. Қазір елді-мекендерде жаңа жұмыс күшін құру міндеті тұр. Сөздің шыны керек экономикалық белсенді халықтың жартысынан көбі вахталық әдіспен мұнай-кен орындарында жұмыс жасайтын аудан үшін бұл өте маңызды. Ол үшін қолда бар мүмкіндікті саралай келе, ауданның жерасты қазба байлықтарын, ауыл шаруашылығына, логистика мен туризмге қолайлы жерін пайдалана отырып, кәсіпкерлікті дамыту одан әрі жоспарлануда.

Индерде тұз зауытын кеңейту жұмыстары басталып, жыл аяғына дейін бұл жерде 150-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Осы жұмысқа жастар белсене кірісуі қажет. Туризмді дамыту үшін тұзды көл басынан шипажай, қонақүй салу жоспары бар. Белоруссиялық инвесторлармен цемент өндірісін қолға алу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Индер-Мақат теміржолын инвесторларға беру арқылы қайта жарақтандырудан өткізу де күн тәртібінде қойылып, сол арқылы аудан орталығында сапалы және тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде. Ол үшін аудандағы колледж базасында болашақ мамандарды даярлау қажеттігі туындап отыр.

Сондықтан, аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовқа, Индер аудандық көпбейінді ауылшаруашылығы колледжіне аудандағы өнеркәсіп мекемелерімен тығыз байланыс орнатып, қажетті маман дайындау жұмысын ұйымдастырулары қажет. Бұл жерде аудан басшысы шетелде кейбір арнайы мамандықтарды 6-8 айда даярласа бізде 3-4 жыл оқытатынын айтып өтті.

"ДЕНДЕР" - Ақпарат

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521