Жоғалған һәм жаңа мамандықтар

Көп әріге бармай өзіміз көрген соңғы жылдарда ауылда ток беруші моторист, отжағушы, мұржашы, суретке түсіруші, телефонист, бригадир, тағы да басқа мамандықтар жойылып бара жатқаны байқалады.

Әрине, олар бүгінде бір мекеменің, не кәсіпкердің штатына қойылып, тұрақты еңбекақы алып тұрмаған соң айтамыз.

Өйткені, бұрын моторист ұйықтап қалса, электр жарығы болмай,   телефонист болмаса қала мен ауыл жұрты сөйлесе алмай үлкен әбігерге қалатын. Міне, оларды тұрақты ток беруші мекеме, немесе әр еркетотай қолындағы ұялы телефон, айфон, смартфон, компьютер, тағы басқасы ауыстырып үлгерді.

 Сонымен қоса жергілікті жерде партком, местком, профком, аға жұмысшы деген сияқты мүйізі қарағайдай штаттар қираған одақ және есікті қақпай келген нарықтың дөңгелегі астында қалды, тіпті  ұмытылды да. Ал бұрын осындай кәсіппен де тамақ асырап, ұрпағын жеткізген көпшілік.

Жақында орталық басылымнан бүгінде «сарапшылар, егер сіз қазір құқықтану ісін оқып жүрген болсаңыз, дереу тоқтатыңыз. Жақын болашақта заңгерлерге деген сұраныс қазіргімен салыстырғанда 90 пайызға азаяды, тек тар шеңберлі сот мамандары ғана қалады деп ескертеді» дегенді оқитын болдық. Тағы да жоғары оқу орындарында 200-ден аса мамандықты оқыту тиімсіз, қажетсіз деп танылып отырғаны тағы бар. Міне, мұның бәрі бүгінгі әр жас пен оның ата-анасының біліп, жадына түйетін жаңалықтары деген жөн.

Тіпті өзіміздің ауыл шаруашылығында да көптеген мамандықтар жойылады деген сөз естіле бастады. Басқа-басқа өзіміз ауылдан 45 жылдай бұрын 10 сыныпты тамамдап, екі жыл қой бағып, әскерге аттанған бізбен бірге әскерге Мәскеу, Нижний Новгород, Арзамас, Иошкарала, Пермь, тағы басқа Ресей қалаларынан келген 17-18-дегілердің қолында жүргізуші, механизатор, темір пісіруші, сағат жөндеуші, электрик, тас қалаушы, сыршы-сылақшы, токарь сынды қарапайым жұмысшы мамандықтар куәліктері болғандарын көргенде өкініп, таңғалдық.

Ал бізде ше?! Тарих пен жағрафияны, қазақ әдебиетін судыратып, жақсы меңгергеніміз неге керек, ең болмаса сөнген шамды ауыстыруға рұқсат беретін қолымызда заңды құжатымыз болмай қиналдық. Міне, ауыл баласы басынан өткерген үрдіс әлі жалғасып келе жатқан сияқты. Бұл қазіргі ТШО сияқты алпауыт компанияларға жұмысқа орналаса алмай жүрген әр жастың басында бар қиындық бұл.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың алдағы 2030 жылға қарай тағы да 20-30 шақты мамандық жойылып, жаңасы пайда болатынын ескертіп, жастарды мектеп бітірген бойда дереу жұмысшы мамандықтарын тегін оқытуға үндеуіне осы жай түрткі болып отырғаны анық.

Алайда алысқа бармай-ақ аудандағы кәсіптік мамандық беретін колледж басшысы Бағытжан Ниетқалиұлының айтуынша, жұмысшы мамандығына қажеттілік артып отырғанын әлі күнге көптеген ата-аналар жіті түсінбей, балаларын алыстағы тіпті ақылы оқу орындарына сүйреп жүргендерін айтады.

-Негізі мүмкіндік болып тұрғанда әуелі өте қажетті жұмысшы мамандықтарын тегін меңгеріп, содан соң таңдаған оқуына түскен  балаға да, ата-анаға да тиімдірек емес пе?!-дейді сала маманы.

Жақында «Егемен Қазақстан» газетіндегі (журналист С.Шайынғазы) 1998 жылдары қарауында 170 мың жұмысшысы болған атақты «Кодак» фирмасы бүгінде банкрот болып жатқанын жазды. Ал бұл қатардағы атақты деген бірнеше фирма, компаниялардың алдағы уақытта толықтыра түсетіні кәміл. Өйткені, нарық заңы қатал, әлсізді әлді жұтып, таптап өтеді.

«Алдағы 20 жылдың ішінде қазіргі жұмыс орындарының 70-80 пайызы түбегейлі жойылып кетеді» дегенді айтады осында. Ғалымдардың айтуынша, алдағы 15-20 жылда әлемдік аграрлық салада жаңа технологиялар көптеп енгізіліп, шаруаны жүргізудің бұрынғы сипаттары жойылатын көрінеді.

Міне, осындай өліара сәтте біздің алаңсыз той-тойлап, балаларымызды әйтеуір, пәленшеден кем қылмай қатарымен бірге мамандық алсыншы деп алыстағы қалаларға оқуға түсіруге асығуымыз орынды бола қояр ма екен осы.

Бұл арада Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі Әділ Ахметовтің: "Apple" компаниясының іргетасын қалаушы  Стив Джобс туралы Уолтер Айзааксон жазған өмірбаяндық туындыны ағылшын тілді түпнұсқасын төртінші индустриялық революцияның бел ортасында жүрген еліміздің жастары тұтас оқып, тағылымды ғибрат алса жөн болар еді.

Өйткені, ақпараттық-коммуникация саласына қатысты толыққанды дерек-көздерімен танысып, қоймай, У.Айзааксонның туындысынан ІТ саласын меңгеруді мұрат етіп жүрген кез келген азамат аталған саланың ең соны терминологиясымен таныса алатынын, демек цифрлық технологиямен сабақтас болатынын жете сезінер еді демекпін» деген тілегі өте маңызды естіледі. Мұны мектептердегі ашылған ІТ сыныптар ескерсе жақсы болар еді.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай жер-жерде, әсіресе ауыл шаруашылықтарда жерлер түгенделіп, агрохимиялық жұмыстар бойынша алқаптарды зерттеу  жұмыстары аяқталып, минералдық тыңайтқыштарды саралау картограммасы жасақталуда. 

Цифрландыру элементтері "Ақылды ет фермасы", "Ақылды сүт фермасы", Ақылды құс фабрикасы" пайда болып жатыр. Цифрландыру ауыл шаруашылығында ғана емес, білім, денсаулық, қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және қала қозғалысын басқару салаларында тиімділілігін көрсете бастауда.

«СмартСити» жобасы бойынша қаланың тазалығына қанша көлік керектігін анықтау, жарықтандыруда, жолаушылар тасымалдауды реттеу, үйден шықпай қызмет ақысын төлеу, көрсеткіштерін беретін жеке приборларды қондыру, ақылды шамдар, бағдаршамдар, аулаларға бақылау камералары орнату жұмыстары да бүгін бітпесе ертең кеш болатын түрі бар.

Еліміз бойынша бұл жедел енгізіліп жатқан цифрландыру саясатына алдымен балаларымыздың, тіпті өзіміздің  дайын болуымыздың маңызды екенін, әсте, естен шығарып алмасақ нетті. Сіз мұны ойландыңыз ба?!

 

С.ХАЛЫҚОВ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521