Орынбордан оралғандағы ой

Индер Тұздыкөлін халық игілігіне жарату мақсатында  аудан әкімі С.Арыстанмен және индерлік кәсіпкерлермен  бірге Ресейдің  Орынбор өлкесі Соль-Илецк қаласына барған сапарымыз туралы мақала «Дендер» газетінің өткен санында жарияланған болатын. Бұл жолжазбамыз соның жалғасы.

«Тұздыкөлдің мүмкіндігі зор»

Федор Федорович Конюхов – жиһанкездігімен аты шыққан ресейлік аңыз адам. Жиһанкез жер шарының бес полюсінің бәрінде болған алғашқы адам. Ол әлемнің ең биік 7 шыңында болған, әлемдегі ең үлкен су айдыны – Тұнық мұхитын жалғыз өзі ескек қайықпен 159 тәулік, 14 сағат, 45 минутта, ал Атлант мұхитын да 46 тәулік, 4 сағатта кешіп өтіп, әлемдік  рекорд жасаған.  Әуе шарымен де дүние жүзін айналып өткен, тағы басқа да Геннистер кітабына енген әлемдік рекордтары жетіп артылады. Бір өзінде ЮНЕСКО-ның байрағы, халықтар достығы ордені сынды марапаттары да  жетерлік. Ал биыл жазда  Ресей президенті В.Путиннің қолынан «Құрмет» орденіне ие болған екен.

Соль-Илецк қаласының «Старая мельница» демалыс аймағында  атақты жиһанкезбен  кезігіп қалдық. Ол осы  курортты аймаққа демалуға келіп жатқан беті екен. Соль-Илецк қаласы округі басшысының орынбасары В.Немич бізді Қазақстанның Атырау өлкесінен  келген қонақтар екенімізді таныстырған бойы  Федор Федорович Конюхов Индердің Тұздыкөлі туралы жақсы пікірін айтты.

-Жақында Қырымда демалып келдім.  Онда  әлемдік деңгейде үлкен курорт қалыптасқанымен ауасында ылғалдылық басым. Ал Соль-Илецк курортында тынысым ашылып, сергіп қаламын. Ал Индердің Тұздыкөлінің мүмкіндігі  бұдан да зор,-деді атақты жиһанкез.

Жиханкез  бұдан бірнеше жыл бұрын жол талғамайтын көліктермен ауданымыздан өткен болатын. Оның «Бросок на Каспий» экспедициясы атты еңбегінде осы сапары арнайы түрлі-түсті кітапшаға басылыпты. Ол экспедицияда Каспий аймағы тұздыкөлдерін зерттеу, игеру мақсаты қойылыпты. Соның ішінде Индердің Тұздыкөлі туралы түсініктеме бере келіп,  ен байлықтың игерілуі тиісті деңгейде еместігін жазады. Аталмыш кітапшада индерлік эколог Марат Мұқановтың тұз айы кезеңіндегі көлге ем алуға, демалуға келетіндердің қатары көбейетіні туралы пікірі де қоса беріліпті.

 

«Мен Қазақ...»

Соль-Илецкі курортты аймағы демалушы-ларының ең көп жиналатын, сауда-саттығы сапыр-ылысқан жерінде «Мен қазақпын...» деп өзге ұлт жігіті ырғақты әнімен халықты үйіріп тұрғанын көргенде қалай таңдан-басқа. Әнге көпшілік ықыласпен қол соғып,  сазына елітіп би билеуде. Қазақстаннан барған бізге арналғандай риза болдық,  қасымдағы ауылдың жігіттері де  бұл сәтті ұялы телефонындарына жазып ала бастады. Енді ше:

«Я казах, в Казахстане я живу,

И люблю я родину свою.

От Алтая и до Каспия,

Это всё отчизна моя...», деп, орыс тілінде шырқаса,  келесі шумағында

«Мен қазақ - Қазақстан туған жерім,

Нұрсұлтан – Елбасы біздің.

Жасасын - Қазақ еліміз,

Қазақстан – біздің жеріміз...»-деп жалғаса береді бұл ән.

 Бұл әнді бұдан бұрын интернет желілерінде көзіміз шалған. Дегенмен шет жерде, өзге ұлттардың ортасында куә болғаныңда ән бойыңды шымырлатып, рухтандырады екен. Бұл сазгер Сергей Бритаусов  әндері Соль-Илецк қаласына демалуға келген әрбір жанға бұрыннан таныс көрінеді. Осында ашық аспан астында авторлық әндерін шырқаумен  қатар оның саудасында жүзеге асырады екен. Әуелі ол Ресейдің Челебі облысы Злотоуст қаласының «Регион-74» тобында өнер көрсетіп, кейін жеке өнерімен танылыпты. Оның репертуарында жүздеген ән бар. Әсіресе, «Мен қазақпын» әні соңғы уақытта көпке кеңінен танымал болуда.

 Өзі қырықтың қырқасына шыққан құрдасым екен, Қазақстанға сәлем жолдаған сәтінен  фотонысанымызға түсіріп алдық.

 

Үздіктер қатарында

Орынбор – Қазақ АССР-інің алғашқы астанасы болғандықтан да  қазақпын деген жанға қашанда ыстық сезілері хақ.  Бүгінгі Ресейге қарасты осы облыстың шекарасына кіргеннен бастап-ақ қазақы нақышты іздей бастайды екенсің. Өйткені Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, тағы басқа да қазақтың көрнекті тұлғалардың шығармашылық қызметі осы өңірмен тығыз байланысты болған. Орынбор маңындағы Соль-Илецк қаласына барған кезімізде де қазаққа қатысты мәлеметтерді де теріп алуға тырыстық.

Соль-Илецк қалалық өлкетану мұражайынның тарихи кезеңіндегі  көне обалардың сыры, археологиялық зерттеулері бізге жат емес... Араб әлібиінде бедерленген қазақтың зираттарындағы құлпытастарының суретті де орын алыпты. Тұзтөбе атаған өңірдің тұзын қазақтар бағзы заманнан асқа, әрі емге пайдаланғаны, 19  ғасырдағы қазақтың ағаш үйлері, көш керуені фотосуреттермен, бейнелеу өнерімен көрініс берген. Ұлттық киім,  кебеже, сандық, бесік сынды тағы басқа ұлттық дәстүрімізден бірқатар жәдігерді тамашалай аласыз. Рас ол дәуірдегі ұлттық  атауымыздың бұрмаланған «киргиз кайсаки» деп таңбалайды. Одан бергі екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде 1941 жылы осы ауданнан 196 атқыштар дивизиясы құрылып соғысқа аттанған. Оның ішінде көзімізге оттай басылғаны сапер-барлаушы П.Б.Айтқұлов, байланысшы М.Б.Абубакиров, еңбегімен еленіп Социалистік Еңбек ері атанған Көпесов Киікбай Есениязұлы, одан бергі Ауғанстан майданында ерлікпен қаза тапқандар арасында Орынғали Мұқашев, Қарасай Абызов, Айдар Ахметқалиев сынды ерлерді өмірбаянымен орын алыпты. Спортшылар арасынан, әсіресе самбошылардың мерейі үстем көрінді. Бапкер Сергей Бисеновтың жетекшілігімен әлем чемпионы Светлана Бисенова,  әлем кубогының жүлдегері Батыр Қилыбаев, Ресейдің 17 дүркін чемпионы Жанар Құсанова, жасөспірімдер арасында әлем ойындарының жүлдегері Мақсот Ситалов, Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы Төремұрат Сұлтанғалиевқа арнайы тоқталған. Сонымен қатар боксшылар Алдан Нұғыманов, Данияр Айтпаев, волейболшы Алина Бақтыгереева сынды тағы басқа да қандастарымыздың жетістіктері құрмет тақтасыан лайықты орындарын алыпты.

 

Ана тілінен ажырап барады

Ресейге жол жүрердің алдында әлеуметтік желілер арқылы Соль-Илецк қаласымен біраз танысып шыққанмын. Сонда  жергілікті қазақтар туралы өзге ұлттардың «Здесь казахов много, но они местные и сильно обрусели» деген пікірлерін көзім шалған еді. Шынымен де шет жерде қалған қандастарымыздың жас ұрпағы түрі қазақ демесең, ана тілінен ажырап барады екен.

Соль-Илецк қаласы округі басшысының орынбасары В.Немичпен қалада орыс ұлтынан кейінгі қазақтардың үлесі басым екендігін, әр салада еңбек етіп жатқанын  айтып өткен еді. В.Немичпен бірге біздің делегацияны қарсы алып, қонақжайлылық танытып жүрген  аталмыш округтің ұйымдастыру жөніндегі бөлімнің жетекші маманы қазақтың қызы екен. Алғашында оның біздің Қазақстаннан келгенімізді біле тұра бір ауыз қазақша тіл қатпай  сөйлегеніне қарағанда  әбден орыстанып кеткен Сібір халықтарының бірі ме деп қалғанымыз рас. Сөйтсек қазақтың қызы Қалиева Ләйлә Айтжанқызы, руын да жақсы біледі.  Алайда  ана тілінде  жарытып ештеңе  айта алмайды. Қала округі басшысының орынбасары В.Немичтің автокөлік жүргізушісі Райымбек те қазақ,  Батыс Қазақстан облысының тумасы екен. Осында жұмыс бабына сай жолдамамен келіп тұрақтап қалыпты. Ол қалада аға ұрпақ ана тілін білгенімен кейінгі жас ұрпақ тілден айрылып бара жатқанына алаңдады. Қалада қазақ мектебінің болмауынан да үлкен әсер етіп тұрғанын да жасырмады.  Енді ұрпақ алмасса кейінгілер ана тілінен тіпті мақұрым қалуы мүмкін. Өзіміз де қалада талай қазақты сөзге тартып көргенбіз. Шынымен да жастар қазақ дегенге елеңдеп қалады, руын ғана біледі, негізінен он екі ата Байұлы мен Жетірудың рулары қоныстаныпты. Бірақ ана тілін қақпайтыны қынжылтты бізді.

 Алыстағы мұхит асқан ел емес, немесе Ресейдің қиыр  түкпірі емес, Қазақстанмен шекараласып жатқан аймақтың қазақтарымен осылайша орысша сөйлесуге тура келді.  Сонымен қатар қалада татарлардың да үлесі басым көрінді. Түркі тілдерінің ішінде татар тілі де қазаққа ең бір жақыны. Алайда қандастарыңмен орысша тілдескенде олардан не сұрайсың. Бір күндік сапарда біз байқаған дүниелер осындай.

 

Саламат БАЗАРБАЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521